Туберкулезді толық жою неге мүмкін болмай отыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әйгілі ғалым Роберт Кохтың туберкулез қоздырғышын тапқанына 130 жылдан асыпты. Адамзат одан толық айығу жолдарын жақсы біледі, дәрі-дәрмек пен микробқа қарсы препараттарды табу да қиындық тудырмайды. Соған қарамастан, жұқпалы дертті толық ауыздықтау мүмкін болмай отыр. 24-наурыз Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күні аясында Медициналық сақтандыру қоры осынау дертке қатысты мәліметтер ұсынып отыр.  

Статистикаға сүйенсек, әлемде құрт ауруынан 4 мыңнан астам адам көз жұмады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2016 жылы осы дертке шалдыққан 1,7 млн адам қайтыс болған. Оның 60 пайызы Орталық Азия аймағындағы елдерінің үлесінде. Ал, Қазақстанда 2016 жылы дерт меңдеген 740 адам бақилық болыпты.

Өлім-жітім көрсеткіші жағынан ол жүрек-қан тамыры аурулары мен қатерлі ісіктен кейін үшінші орында тұр. Жалпы, туберкулез бүгінгі қоғам үшін таңсық емес. 2017 жылы Қазақстанда туберкулездің белсенді түрімен ауыратын 17 мың 444 пациент диспансерлік есепте тұрған. 9 417 адам туберкулезді жаңадан жұқтырған. Ресми статистика осылай дейді. Құрт ауруына шалдыққандар саны жағынан Оңтүстік Қазақстан (1 666), Алматы (1 591) және Қарағанды (1 258) облыстары көш бастап тұр.

Ендеше, таныс та бейтаныс дертті толық ауыздықтай алмауға не себеп? Мәселенің осы жағын саралап көрсек. Эпидемияны толық ауыздықтауға дәрі-дәрмекке төзімді «ақылды» бактериялар, әлемнің кейбір елдеріндегі тұрмыстың төмендігі және қаржы тапшылығы қолбайлау болып тұрған жайы бар. Әлемдік ғылым мен ДДСҰ-ның мақсаттарының бірі - туберкулез эпидемиясын 2030 жылға дейін тұп-тамырымен құрту болып табылады. Ол үшін не істемек керек? Әрбір азамат біле жүретін ақпараттар қандай?

Туберкулез деген не?

Туберкулез - бактерия арқылы тарайтын жұқпалы ауру. Кох таяқшасы адам организміне жат микроорганизм. Сондықтан микроб сау ағзаға түскен кезде иммун жасушалары қарсы шабуыл жасап, көбеюіне жол бермейді. Ауру: иммун жүйесі нашар болған жағдайда және туберкулездің ашық формасымен ауыратын және тиісінше ем қабылдамаған науқаспен, қоздырғышпен ұзақ уақыт бойы байланыста болған жағдайда ғана өршуі мүмкін.  Ауру көбіне ауа арқылы таралады. Кейде ауруға шалдыққан ірі қара немесе азық-түлік арқылы (өңделмеген сүт өнімдері) жұғуы мүмкін. Оның ашық және жабық деген екі түрі болады.

Басқа инфекциялар сияқты құрт ауруына шалдыққан науқастардың айналасындағыларға қауіп төндіретіні және қауіпті емесі де болады. Бірақ әбден жазылғанша жұқпалы болып саналатын В немесе С гепатиті сынды дерттерге қарағанда, туберкулездің жұғу кезеңін қысқартуға болады. Ол үшін дәрігер тарапынан ем-дом дұрыс тағайындалса жетіп жатыр.  «Ашық түрдегі туберкулез» дегеніміз не? Бұл термин негізінен өкпе туберкулезіне шалдыққандарға қатысты қолданылады. Өйткені, ондай науқастар жөтелгенде, қақырғанда микроб бөледі. Ал, туберкулездің жабық түрі жұқпайды. Науқас қоздырғыш таратпағандықтан өзгелерге ауру жұқтыра алмайды.

Құрт ауруын қалай анықтауға болады?

Туберкулез белгілері бірден пайда болмайды. Әдетте, ол ұзақ уақыт бойы ағзада дамып, көбіне өкпе тіндерін зақымдайды. Оның белгілерінің жүре келе пайда болатыны да сондықтан. Бірақ көп ұзамай тоқтаусыз жөтелу, кейде қан аралас қақырық түсу, кеуде қуысының ауыруы, өз-өзін жайсыз сезіну, салмақ жоғалту, қалшылдау сынды белгілер пайда болады. Мұндай жағдайда міндетті түрде емханаға барып тексеруден өту қажет. Әсіресе, иммунитеті әлсіз адамдар үшін ауру жұқтыру қаупі жоғары. Ал, иммунитеттің әлсіреуіне шаршап-шалдығу, дұрыс тамақтанбау, күйзеліс, қорғаныс жүйесі жұмысының бұзылуына әкеп соқтыратын басқа да аурулар себеп.Бәрінен де АИТБ індетін жұқтырғандар мен ЖИТС-қа шалдыққандарға төнетін қауіп жоғары. ДДСҰ мәліметінше, туберкулез ВИЧ жұқтырғандар арасындағы өлім-жітімнің бірден-бір себепкері. Мысалы, 2016 жылы АИТБ-ге шалдыққан науқастардың 40 пайызының өлімі осы құрт ауруынан болғаны анықталған. Сонымен қатар, туберкулез жұқтыру қаупі жоғары саналатын топқа балалар мен қарттар да жатады. Өйткені, бірінікі әлі толық қалыптасып үлгермесе, қартаң адамдардың иммундық жүйесі әлсіз болады.

Туберкулез емделетін ауру

Бүгінде туберкулезді емдеп жазуға және оның алдын алуға болады. Жұқтырған күннің өзінде дер кезінде, дұрыс емделсе пациенттің құлан-таза айығып кетуге мүмкіндігі бар. ДДСҰ мәліметіне сүйенсек, 2000-2016 жылдар аралығында диагностика мен ем-домның арқасында 53 млн адамды өлімнен арашалауға мүмкіндік туды. Соңғы 10 жылда елімізде аталған індетке шалдығу көрсеткіші 2,4 есеге қысқарған. Жұқпалы ауруды жаңадан жұқтыратындар саны да жоқ дегенде екі есе, туберкулезден болатын өлім-жітім көрсеткіші алты есеге дерлік азайған.  

Аурудың алдын алу жолдары  

Жаңа туған нәрестелерге перзентханадан шықпай жатып БЦЖ аталатын екпе егіледі. Міне, туберкулезге қарсы вакцина осы. БЦЖ құрамында (сиырдың) әлсіреген туберкулез таяқшалары болады. Вакцина құрамындағы бактериялар ағзаға түскеннен кейін көбейіп, органдар мен тіндерге орналасады, сол арқылы иммунитет қалыптасады. Перзентханада егілген БЦЖ вакцинасы адамды ұзақ уақыт бойы құрт ауруынан қорғайды. Бірақ 7 және 14 жаста вакцина тағы салынды. Мұны қайталап егудеп атайды.Қайта егер алдында туберкулезге қарсы сынама жасалады (Манту сынамасы). Манту - вакцина емес, ол адамның құрт аурын жұқтырған-жұқтырмағанын анықтау тәсілі ғана. Сондықтан одан қорқудың қажеті жоқ. Жалпы, бұл балаларға қолданылатын әдіс. Ал, ересектер жыл сайын кеуде қуысына флюорографиялық скрининг (флюорография)жасап тұруы тиіс.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, спортпен шұғылдану, зиянды әдеттерден бас тарту, дұрыс тамақтану сынды факторлардың да ұлт саулығын сақтауда маңызы зор.

Ең бастысы - туберкулез тегін емделеді

Қазақстанда туберкулезді анықтау мен оның алдын алу, емдеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кепілдендірілген медициналық көмек пакетіне кіреді. Былайша айтқанда, ауру тегін емделеді. Биыл осы дертке шалдыққандарды анықтау, емдеу мен әлеуметтік қолдауға мемлекеттік бюджеттен 42 млрд теңге бөлінді. Туберкулездің кәдімгі түрін емдеуге шамамен 6 айға жуық уақыт кетеді. Елімізде іске асырылып жатқан ауруды біріктірілген бақылау стратегиясы туберкулездің жабық түрімен ауыратын науқастардың өз емханасында амбулаторлық режимде ем қабылдауына мүмкіндік береді.

Айта кетерлігі, бүгінгі таңда кепілдендірілген медициналық көмек пакеті шеңберінде тек мемлекеттік емханаларда ғана емес, жекеменшік клиникаларда да тегін емделуге болады. Қордың базасындағы клиникалар тізімімен (https://fms.kz/ru/content/perechen-postavshchikov-gobmp) танысуға болады. Сосын қалаған емханаңызға тіркеліп, содан соң дәрігерге уақтылы қаралуға дағдылану шарт. Мұның бәрін үйден шықпай-ақ онлайн режимінде іске асыруға болады. Ол үшін цифрлы қолтаңба алып, мемлекеттік қызметтер порталыныңкөмегіне жүгінсеңіз де болады.

Соңғы жаңалықтар