Трейлерді жалға беру: ШҚО-да туризмнің жаңа түрі пайда болмақ

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - ШҚО-да туризмнің жаңа түрін дамыту туралы ұсыныс айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.

Трейлерді жалға беруді дамытуға байланысты қазір ШҚО басшылығы АҚШ пен Қытайдың тәжірибесін зерттеп жатыр. Бұл туралы ШҚО туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев айтты.

«Біздің ұлттық табиғи парктер мен қорықтар үшін бұл туристер тартудың нағыз пайдалы жолы болмақ. Қазір 5 жұлдызды қонақүйден көрі адам аяғы сирек тиетін тұмса табиғат аясында болуды қалайтын туристер көп. Тек сол табиғат аясына жеткізетін инфраструктура дұрыс болуы керек», - деді Жасұлан Сәрсебаев.

ШҚО басшылығы АҚШ-тағы табиғаты Алтайға ұқсас Монтана штатының тәжірибесін мысалға келтіреді. Ол жерде тәулігіне 2 мың трейлерге дейін жалға берілетін арнайы тұрақтар бар. Көлік-үйдің ішінде жатып, табиғат аясында демалып келуіңнің бір күні - 25 доллардың айналасында екен. Трейлер адамға қажет барлық ыңғайлы дүниелермен жабдықталған. 

Қытайдың да тәжірибесі осыған ұқсас. Үй-көлікті жалға алып қыдыру ол жақта да сәнге айналған.  Көлікті жүргізушісімен бір тәулікке жалға алу біздің бағамен 50 мың теңге екен. Бұл бір күнде 300 шақырымға дейінгі қашықтықты қоса есептегенде.

ШҚО туризм басқармасының мамандары саяхаттың мұндай түрі еліміздің шығысында да  үлкен сұранысқа ие болуы мүмкін  екенін айтады. Жол мәселесінен де ешқандай қиындық туындамауы қажет. Себебі, соңғы екі жылда ШҚО-дағы ең танымал демалыс орындарына апаратын тас жолдардың барлығы күрделі жөндеуден өткен.

Соңғы жаңалықтар