Трансұлттық компания өнімін тиеген мыңыншы пойыз Қорғас арқылы арқылы Қытайдан Еуропаға транзиттік бағдармен өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ еншілес кәсіпорны «KTZ Express» АҚ мен «Бірлескен көлік-логистикалық компаниясы» АҚ («БКЛК» АҚ) бірлесіп жыл басынан бері 1000- контейнерлік пойызын аттандырды, деп хабарлайды «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.

Hewlett Packard (HP) өнімдерін тиеген 40 футтық 41 контейнерлік вагонды жылжымалы құрам мерекелік пойызы 1-желтоқсанда Алтынкөл станциясы және «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА арқылы Қытайдан Еуропаға транзиттік бағдармен өтті. Кедендік ресімдеу мен 1 520 жолтабанына ауыстыру 55 минутта атқарылды. Пойызды Брест станциясынан Еуропаға жөнелту үшін қайта тиелуі 7 желтоқсанға жоспарланып отыр.

«Клиенттердің аталмыш бағдарды таңдауына «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА құрғақ порты ұсынатын 1 520 жолтабанындағы қызметінде инфрақұрылымының дамығандығы, сапалы логистикалық қызмет көрсетілуі себеп болып отыр», - дейді «KTZ Express» АҚ президенті Диас Ысқақов.

Болжам бойынша, 2017 жылы жоспарлы түрде 100 пайыздық көлемге көшіп, Қытайдан шығатын тауарларды Еуропаға «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА қуатын пайдаланып, Алтынкөл шекаралық станциясы арқылы өткізу жоспарлануда. Атап өтерлігі, Қазақстан, Ресей, Беларусь темір жол басшыларының соңғы бірлескен кездесуінде жылжымалы құрамның жылдамдығын тәулігіне 1 150 шақырымға жеткізу көзделді.Бүгінгі таңда БКЛК негізгі бағдарындағы темір жол инфрақұрылымы 2016 жылғы көрсеткіштен 3-4 есе көп жүкті кедергісіз алып өтуді қамтамасыз ете алады.

ЕО пен ҚХР шекаралық терминалдарының да осыншалықты жүктерді өткізуге әлеуеті жеткілікті.

БКЛК бірінші вице-президенті Ержан Жәкішевтің айтуынша, таяу болашақта тапсырыс иелеріне 1520 жолтабанды жаңа транзиттік инфрақұрылым жеткізілімі ұсынылады. Бұл өз кезегінде БКЛК темір жол бағдарына қызығушылықты көтеріп, 2025 жылдары тасымалдау көлемін 1 миллион TEU тоннаға жеткізуге болады.

Бүгінгі таңда «KTZ Express» АҚ серіктестерімен бірлескен түрде 17 тұрақты контейнерлік бағдарға операторлық қызмет көрсетеді. Ляньюньган портынан басқа Чунцин, Чженьчжоу, Ухань, Чэнду, Сиань, Иу, Хефей, Ланьчжоу қалаларымен де серіктестік жолға қойылған. Қазіргі кезде компанияның қызметін Hewlett-Packard, Acer, Huawei, Foxconn, Toshiba басқа да ірі трансұлттық компаниялар тұтынуда.

Айта кетерлігі, «Бірлескен көлік-логистикалық компаниясы» АҚ 2014 жылы 13 қарашада құрылды. Оны құруға Еуразиялық экономикалық одағының - Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерінің темір жол әкімшіліктері қатысты.

БКЛК 2012 жылғы 31 мамырдағы Бірыңғай экономикалық кеңістік (БЭК) жүйесінің көлік логистикалық жүйесін дамыту туралы меморандум мен 2013 жылғы 29 мамырдағы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің оған қатысушы елдердің көлік-логистикалық транзиттік әлеуетін жүзеге асыру туралы шешімімен жүзеге асырылды.

Соңғы жаңалықтар