Трамп Қазақстан Президентін ЭКСПО көрмесінің табысты өтуімен құттықтады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Әңгімелесу барысында Дональд Трамп Қазақстан Президентін Астанадағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің табысты өтуімен құттықтап, Америка делегациясының осы іс-шараға қатысу нәтижелерін жоғары бағалады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Техас штатында ондаған адамның өмірін қиған табиғи апатқа байланысты көңіл айтып, зардап шеккен аудандар инфрақұрылымының тезірек қалыпқа келуіне және жергілікті халықтың жайлы өмірге қайта оралуына тілектестік білдірді.

Екі ел көшбасшылары Астана мен Вашингтон арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда биылғы 21 мамырда Эр-Риядта өткен «Ислам әлемі - АҚШ» саммиті аясындағы алғашқы кездесудің маңыздылығын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президентіне биылғы 10-11 қыркүйекте Астанада Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммиті өтетін айтты.

Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Америка қарым-қатынасының жағдайын және оның даму перспективаларын талқылады. Бұл ретте, тараптар екіжақты сауда-экономикалық өзара іс-қимылды нығайту туралы уағдаласты.

Өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасу болды.

Нұрсұлтан Назарбаев биылғы 29 тамызда Қазақстанда Төмен байытылған уран банкінің іске қосылуының жаһандық қауіпсіздікті нығайтудағы маңыздылығына назар аударды. 

Екі елдің көшбасшылары Америка-Ресей қарым-қатынастарының жағдайына жеке тоқталды. Қазақстан Президенті Вашингтон мен Мәскеу арасындағы диалогтың жақсаратынына сенім білдірді.     

Дональд Трамп Нұрсұлтан Назарбаевты Вашингтонға ресми сапармен келуге шақырды.

Мемлекеттер басшылары әңгіме соңында екі жақ та мүдделі болатын мәселелер жөнінде тұрақты диалогты қолдауға ниетті екендіктерін білдірді. 

Телефон арқылы сөйлесуге АҚШ жағы бастамашы болды. 

Соңғы жаңалықтар