Тойдағы келеңсіз оқиғаларды әлеуметтік желіге жариялағандар ақша ұтып алады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында тойлардағы  қызықты да келеңсіз  оқиғаларды әлеуметтік желіге жариялағандар ақша ұтып алады. Желі қолданушылары арасында жарияланған «Ontoi жұлдыздары» атты байқау той мәдениетін қалыптастыру мақсатында қолға алынып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Жергілікті  телеарна мен облыстық «Нұр Отан» партиясы, облыстық мәдениет және жастар саясаты, ішкі саясат басқармалары мұрындық болған байқаудың бас жүлдесіне 500 мың теңге тігілді. Себебі, ең көп той өткізетін оңтүстік өңірінде көптің көңілінен шығу үшін жасаған кейбір қойылымдар талай тойдың иесін де, қонақтарын да ұятқа қалдырып жүргені белгілі.  Яғни, қазақтың ғажап тойын мазаққа айналдырғандардың әрекеті тыйылар емес.   Желілерде желдей ескен мұндай көріністерден қазір көз сүрінеді. Облыстық байқау енді осы жайттарға тоқтау салуды көздейді.

«Қалай дегенде де біз той мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Сол үшін әлеуметтік желі қолданушылары арасында үздік жобалар байқауын жариялап, барлық бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен осыны мәселе етіп көтерсек деген ортақ шешімге келдік», - дейді жергілікті телеарна директоры Ерсұлтан Әмірбек.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, байқауға желіні қолданатын кез келген тұрғын қатыса алады. Басты талап - тойдағы ең жақсы немесе ерсі қылықты желіге жариялап, қоғамға ой салу. Ал, мәтіннің көлемі 100 әріптен кем болмауы керек. Есте сақтайтын тағы бір мәселе, жазба «Ontoi» хештегімен жариялануы тиіс. Сонымен қатар, байқау кезінде өзге аймақтардың да ерекшеліктерін үлгі етіп ұсынуға болады.

null 

«Тойдың мағыналы, дұрыс өтуін Астана, Алматыдан көрсек болады. Той жасайтын адам алдын ала бір ай немесе 2 апта бұрын өз шақыртуын береді. Сіз сол кезде баратын-бармайтыныңызды айтасыз. Өйткені дастархан әзірлеу, кімді кіммен отырғызудың өзі үлкен мәдениет», - дейді Облыстық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов.

Той мәдениетін қалыптастыруға арналған байқауға материал жариялау бүгіннен бастап желтоқсанның онына дейін жалғасады. Жүлделі орыннан көрінгісі келетіндер аптасына бір рет ғаламторда жазба қалдыруы керек. Байқау жеңімпаздары жыл соңына қарай анықталмақ. 

null 

Соңғы жаңалықтар