Төтенше жағдайларды жою жөнінде Қазақстан-Ресей оқу жаттығулары өтеді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Қарашаның 22-23-і  күндері Шығыс Қазақстан облысындағы «Өскемен-Шемонайха-РФ шекарасы» А-10 автожолының 118-123-ші учаскесінде бірлескен Қазақстан-Ресей оқу-жаттығулары өтеді, деп хабарланды ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің сайтында.

Жаттығу табиғи және техникалық төтенше жағдайларды жою мен ескерту жөнінде кешенді іс-шаралар өткізуді қамтиды. Онда ауыр жүк және жолаушылар тасымалдайтын автокөлік құралдарының, жеңіл автокөліктердің қатысуымен қалың қар жауған кезде немесе қатты желдің салдарынан және басқа да жол-көлік оқиғаларына себеп болатын түрлі жағдайлардың алдын алу мәселелері қарастырылады.

Іс-шара теориялық және тәжірибелік болып екі бөлімнен тұрады. Бірінші күні, 22 қарашада «Алтай» Шығыс Қазақстан өңірлік паркінде екі ел жол қызметінің қыс кезінде автомобиль жолдарындағы өзара іс-қимылы мәселелері талқыланады. Сондай-ақ, автожолдарды салған кезде және жөндеуден өткізгенде қолданылатын технологиялар мен күтіп ұстау ерекшеліктері те талқыға түспек. Оқу-жаттығу барысында автожол қызметінің, ТЖМ қызметінің, ІІМ, алғашқы медициналық көмек көрсететін қызмет пен басқа да қажетті қызметтердің қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары көрсетілетін болады.

Айта кетейік, іс-шараның негізгі қатысушылары ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, Автомобиль жолдары комитеті. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, «Росавтодор» Федералды жол агенттігі, «Казахавтодор» ЖШС, ҚР ІІМ ШҚО бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің, ШҚО ІІД мен Ресей Федерациясының Азаматтық қорғаныс істері жөніндегі министрліктің Алтай өлкесі бойынша табиғи апаттардың салдарын жою жөніндегі Бас басқармасының, «Алтайуправтодор» федералдық мемлекеттік мекемесі мен тағы басқа да осы салаға қатысты мекемелердің өкілдері қатысады.

Соңғы жаңалықтар