Төрт елдің күш құрылымдары Астанада қоян-қолтық ұрысқа «түсті»

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  Астана қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының Кубогы үшін қоян-қолтық ұрыстан халықаралық турнирдің ақтық сайыстары өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жарысқа Қазақстанның күш құрылымдарының спорт командаларынан бөлек, Ресей Федерациясы Ұлттық гвардиясының әскерлері, Қытай Халық Республикасының Халықтық қарулы полициясы, Қырғызстан Республикасы Ұлттық ұланының спорт командалары қатысты. Барлығы 150-ге жуық спортшыдан тұратын 15 команда бақ сынады. Турнир екі күнге жалғасты.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, тотамидегі қызу тартыста 9 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар анықталды. 55 келі салмақта ҚР ҰҚК командасының өкілі Ерғали Наханов, 60 келі салмақта бірінші орынды ҚР Ұлттық ұлан жауынгері Бауыржан Сұлтанов жеңіп алса, 65 келіде қытайлық спортшымен тең ұрыста «Динамо» спорт клубының спортшысы Шыңғыс Жанғазы жеңісті қолдан берген жоқ. 70 келіде ҰҚК спортшысы Назарбек Забиев жеңіске жетті. Сондай-ақ, ҰҚК тағы бір өкілі Бекзат Бектемісов 75 келіде қарсылас шық келтірмеді.  80 келі салмақта Мемлекеттік күзет қызметінің жауынгері Нұрсұлтан Бекбатшаев бірінші орынды иеленді. 85, 90 және 90 келіден астам салмақ дәрежелерінде Ресей Федерациясы Ұлттық гвардиясының спортшылары: Руслан Гильязов, Роман Копылов және Салимгерей Расуловтардың мысы басым болды.

Жалпы командалық есепте бірінші орынды РФ Ұлттық гвардиясының құрамасы иеленді. Жеңімпаз команда ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының Кубогымен қатар 500 мың теңге ақшалай сыйлық алды. Екінші орын - ҚР Ұлттық ұланының командасына бұйырды. Ұландықтар арнайы сертификатпен қоса 300 мың теңгені қанжығаларына байлады.  Үшінші орынмен бірге 200 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйақыны  ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің құрамасы місе тұтты.

ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов турнирге қатысушыларды жеңістерімен құттықтап, алғысын білдірді.

Сонымен қатар, шара барысында «Рио-2016» Олимпиада ойындарының жүлдегері, боксшы Василий Левитке құқықтық тәртіп әскері жауынгерлерінің арасында бұқаралық спортты дамытуға қосқан үлесі үшін «Құқықтық тәртіп әскеріне - 25 жыл» кеуде белгісімен марапатталды. Марапатты Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов табыс етті.

 

 

Соңғы жаңалықтар