«Төрт ағайынды» ісі: Сотталушылардың бірі кінәсін мойындады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «Төрт ағайынды» ісі бойынша сотталушы Саясат Дүсіпов мәлімдеме жасады. Ол бар кінәсін мойындап, процессуалдық келісімге келетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Еркін Ізбасар, Аухат Қалиев бастаған қылмыстық топқа қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгін сотталушы Саясат Дүсіпов күтпеген жерден ұсыныс жасады. Ол таңертең тұрып, кешке дейін сот залында отыру еш нәтиже бермейді деген тұжырымға келген.

«Мен бір ай бойы сот отырысына қатысып жүрмін. Оның не мәні бар? Төрт, бес, алты, жеті деген ағайындыларға еш қатысым жоқ. Таңертең тұрып, кешке кері абақтыға оралудың не мәні бар? Сондықтан осы шешімге келдім», - деді айыпталушы Саясат Дүсіпов.

Ақтөбе облыстық прокурорлары үш күнде кездесулер өткізіп, процессуалдық келісім туралы шешімді айтуы керек.

«Ашық сот отырысында сотталушы Саясат Дүсіпов процессуалдық келісімге келу туралы ұсыныс айтты. Сотталушы, прокуратура мен жәбірленуші бірлесіп, бір шешіге келуі тиіс. Келісім шешімі 10 қаңтар күні мәлім болады», - деді судья Ахметқали Молдағалиев.

Айыптау актісіне сүйенсек, өткен жылы қамауға алынған Саясат Дүсіпов «Төрт ағайынды» ісі бойынша айыпталып жатыр. Ол мұнай тасу ісіне қатысқан. Оның жүк көлігімен мұнай тасу туралы ұсынысты айыпталушы Қайыргелді Ізтұрғанов айтқан.  

Соңғы жаңалықтар