«Төрт ағайынды» ісі: Мұнай ұрлағандардың бірі полиция басшысымен саунада танысқан

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында мұнай ұрлығына қатысты қылмыстық топтың ісі қаралып жатыр. Куәгер Есенжан Еркетаев мұнай ұрлығы кезінде көмектескен полиция бастығының орынбасарына ай сайын 300-500 мың теңге берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ІІД бастығының бұрынғы орынбасары Рахат Аханов жауап берді. Ол қылмыстық топқа қатысы жоқ екенін, сотталушылардан тек қарызға ақша алғанын жеткізді.

Ал куәгер Есенжан Еркетаев мұның бәрін жоққа шығарып, мұнай тасымалдау кезінде Рахат Ахановтың көмектескенін, бұл қызметі үшін ай сайын 300-500 мың теңге ақша алғанын айтты.

«Мен 2014 жылы тойда Қайыркелді Ізтұрғановпен таныстым. Ол менің жұмысымды сұрады. Сол кезде жанар-жағармай тасымалдайтынымды айтып едім, шикі мұнай сатып алу, сату ұсынысын айтты. Шикі мұнайды пешке жағады екен. Арада жарты жыл өткенде жанар жағармай бекетінде тағы кездесіп, сөйлестік. Мен Рахат Ахановты да танимын. Екеуміздің Астанада тұратын ортақ досымыз бар. Ақтөбедегі сауналардың бірінде танысып, жақын араласып кеттік. Ол кез келген сұрақпен хабарласып, көмек сұрауға болады деп айтты. Осы сөз есте қалып, мен «құжатсыз шикі мұнай тасымалдасам көмек көрсетесіз бе» деп ұсыныс айттым. Ешқандай кедергі жоқ екенін айтқан соң, мұнайды өткізетін де жер іздедім. Сол кезде жанар-жағармай станциясының басшысы Адайбек Сәрсеновпен келістім. Ізтұрғановпен қайта кездесіп, мұнай тасымалдау басталды»,- деді куәгер Есенжан Еркетаев.

Куәгер сот отырысы кезінде Рахат Ахановқа барлығы 1 миллион 750 мың теңге бергенін айтты. Ал мұнайды «Сағыз Петролеум» ЖШС-нің Қағанай, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ Қаратөбе кен орнынан тасымалдады. Ақтөбе облысы, Байғанин ауданындағы кен орындарынан 29 рет шикі мұнай тасымалданып, Ақтөбе қаласындағы «Транзит» жанар- жағармай станциясына жеткізген.

«Мен Рахат Ахановқа құжатсыз мұнай тасымалдайтын көліктердің нөмерін беріп қойдым. Оларды жолда полиция тоқтатпады. Қызметіне ақша төлеуді ұмытқан жоқпыз. Алғашында 350 мың теңге болды. Кейін ақшаны аз көріп, 400-500 мың теңге сұрады. Ақшаны бір рет өзіне, қалғанын жүргізушісіне бердім»,- деді куәгер Есенжан Еркетаев.

Айта кетейік, куәгер Есенжан Еркетаев бұған дейін мұнай тасымалдап, сатқаны үшін 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Қазір ол жазасын бостандықта өтеп жүр.

Соңғы жаңалықтар