«Төрт ағайынды» ісі: Мұнай компаниясының өкілдері мұнай ұрланғанын тергеушілерден білді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Еркін Ізбасар, Рахат Ахановқа қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Куәгерлердің бірі мұнайдың ұрланғанын тергеушілерден естігенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «төрт ағайынды» ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты іс қаралып жатыр. «Сағыз Петролеум» ЖШС-нің орталық инженерлік-техникалық қызметінің басшысы Амангелді Басенов өзі жұмыс істеген жылдары мұнай ұрлығы тіркелмегенін, бәрін тергеушілерден естігінін ашық айтты.

«Мен «Сағыз Петролеум» ЖШС-де Қағанай, Ащыкөл кен орындарын бақылаймын. Бізде барлығы 150 ұңғыма бар. Ал Қағанайда бар болғаны 5 ұңғыма жұмыс істеді. Бұл жерде мұнай аз өндірілді. Бар болғаны 40 текше метр шикі мұнай өндірілсе, оның 30 текше метрі мұнай, қалғаны су болды. Қағанайда мұнай өндіру тиімсіз болса да компания жұмысты тоқтатпады. Кен орны қоршалмаған, бірақ ол жерде күзет бар»,- деді куәгер Амангелді Басенов.

Сот отырысы кезінде куәгер А. Басенов 2015-2016 жылдары мұнай ұрлығы мүлде тіркелмегенін жасырмады.

«Сол жылдары бізде мұнайды өлшейтін арнайы есептегіш құралы болмады. Бәрі ескі әдіспен, сызғышпен өлшенеді. Шын мәнінде мұнай артық өндіріліп, оператор бұрынғы өлшеммен жазуы мүмкін. Бірақ біз оны білмедік. Мұнайдың ұрланғанын тергеушілер айтты»,- деді А.Басенов.
Айта кетейік, «Сағыз Петролеум» ЖШС-нен 86 280 тонна мұнай ұрланған. Жалпы шығын 11 миллион теңгеден асып отыр. Мұнай ұрлығы туралы арызды компаниялар жазбаған соң олар өздерін сот отырысынан босатуы сұрады.

Соңғы жаңалықтар