Төрегелді Шарманов Ақтөбеге бие сүтінен жасалған шоколад әкелді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеге Ұлттық тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов келді. Ол облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа қант диабеті, қатерлі ісіктің алдын алуға көмектесетін, бие сүтінен жасалған шоколадты сыйға берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов осыдан 50 жыл бұрын Ақтөбедегі медициналық университетте ректор қызметін атқарды. Еңбек жолындағы 20 жылдан астам уақыт оны ақтөбеліктер қатарына қосты. Өзі де Ақтөбені ерекше құрметтейді. Бүгін ол «Туған жерім - тірегім!» акциясына қатысып, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа қант диабеті мен қатерлі ісік ауруының алдын алуға көмектесетін шоколадты сыйға берді. Бұл қазақ ғалымының әлемді мойындатқан үлкен ғылыми жобасы.

«Патент өте көп. Көбі сөреде жатады. Бірде Президент ғалымдармен кездесуінде «Патент жақсы, нәтиже қайда?» деп сұрады. Ол кездесу кезінде менің ұсынысыммен қымыз ішіп, қазы жеп жүргенін айтты. Содан соң менен «Сіз не істедіңіз?» деп сұрады. Мен 85 жасымда басқа арнаға бұрылып, зерттеуімнің нәтижесін шығардым. Бие сүтінен йогурт, балмұздақ жасалды. Бірақ жаңа жаңалық бәрінен мықты. Шоколад жасалды. Құрамында қанты жоқ. Бір қиыны, бие сүтін қайнатуға, тазартуға болмайды. Оның құнары шикі сүтте таза сақталады. Сол бие сүтінде бар құнды затты еш жерден ала алмаймыз. Еңбектеніп, жаңа тәсілді пайдаланып, шоколад жасалды. Ол қант диабеті, қатерлі ісіктің алдын алады»,- деген Төрегелді Шарманов жаңа өнімнің бірнеше данасын облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа сыйға берді.

«Зерттеу нәтижесіне қол жеткізіп, өнім алу үшін Швейцарияға баруға туралы келді. Бұл жаңалық еліміздің мақтанышы болады»,- деді Шарманов.

Ақтөбеліктермен кездесу кезінде академик Шарманов алдағы 10-15 жылда әлемдік статистиканың күрт өзгеретінін айтты.

«Қызық статистика, Ақтөбеде 100 жастан асқан адамдар саны 20-ға жетті. Ал 90 мен 100 жас арасындағы қариялар саны 1300 екен. Бұл табиғи, лайықты өзгеріс. Қазір демографиялық трансформация деп аталатын үрдіс бар. Мәселен, қазір дүниежүзі бойынша 5 жасқа толған балалар саны халық санының 10 пайызын, ал 80-нен асқандар саны халықтың 1 пайызын құрайды. Енді 10-15 жылдан соң күрт өзгеріс болады. 5 жасқа дейінгі балалар саны 5 пайызға дейін төмендейді де, 80 жастан асқан адамдарымыз 15 пайызға артады. Бұл өзгеріс көп нәрсені аңғартады»,- деді ғалым.

Соңғы жаңалықтар