Тоңазытқыштан табылған балаларды әкесі жылай бергені үшін өлтірген

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы тоңазытқыштан табылған егіздердің ісіне қатысты қосымша мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, балалар 12 шілдеде 1 жасқа толған.

«Мұндай қылмыс жасауға оларды не итермелегені сот-медициналық сараптама нәтижесінде белгілі болады. Алдын ала қорытынды бойынша балаларды тұншықтырып өлтірген», - деді Салтанат Әзірбек.

Оның айтуынша, іс бойынша Анна Волченконың азаматтық некедегі күйеуі, Өзбекстан азаматы басты күдікті болып отыр. Ол балалардың әкесі болып шықты.

«Ер адам өзім өлтірдім деп отыр. Бірақ анасы да бәрін білген. Біле тұра үндемеді. Олардың өз үйі жоқ. Үнемі жалға алып көшіп жүрген. Қылмыс болған пәтерді қылмыстың ізін жасыру үшін 1 тәулікке әдейі жалға алған. Қазір осы оқиға бойынша барлық версиялар тексеріліп жатыр», - деді С.Әзірбек.

Ерлі-зайыптылар кеше мас күйінде ұсталған. Естерін жиған соң «жұмыстан шаршап келгенде мазамды кетірген соң өлтірдік» деп айтқан.

Балалардың денесі тоңазытқышта 3-4 күн жатқан.

Сондай-ақ, олар үлкен ұлдарын қаланың ортасында «Самал» шағын ауданында қалдырып кеткен.

Қазір ерлі-зайыптыларға адам өлтіру мен баланы қауіпті жерге тастап кету әрекеті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Айта кету керек, жантүршігерлік қылмыс Түрксіб ауданындағы пәтерлердің бірінде болған.

Мүрденің иісі шыққан соң көршілері есікті бұзып кірген. Есігі теріс қараған тоңазытқыштан екі шақалақтың мүрдесі табылды.

Соңғы жаңалықтар