Төл күресімізді Олимпиада ойындарына енгізуге бар күшімізді салып жатырмыз - Серік Төкеев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ күресі 2020 жылы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енуі мүмкін. Бұл туралы Ашхабад қаласында өтіп жатқан жабық кешендегі Азия ойындарында журналистерге сұхбат берген Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының бірінші вице-президенті Серік Төкеев мәлім етті.

«Міне, қазақ күресі тұңғыш рет жабық кешендегі Азия ойындарының бағдарламасына еніп, балуандарымыз екі алтын медаль жеңіп алды. Бұл қазақ елінің жеңісі. Бұл қазақ спортының жарқын жетістігінің айнасы. Бұл Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының ұзақ жыл жасаған еңбегінің арқасында қол жеткізген табысы. Енді, келесі жылы Жазғы Азия ойындары өтеді. Бұйырса қазақ күресін сол «сарықұрлық» додасынан да көрулеріңіз мүмкін. Ұлттық күресіміз Жазғы Азия ойындарының бағдарламасына енсе, ары қарай 2020 жылы Олимпиада ойындарынан көрінуіміз әбден мүмкін. Қазір төл спортымызды төрт жылдық Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізу туралы ұсыныстар жасап, қолымыздан келгенше тырысып жатырмыз», - деді Серік Төкеев.

Естеріңізге сала кетейік, төл күресімізді осы жарысқа қосу мәселесі өткен жылы Түркияның Ыстанбұл қаласында күрес түрлері жөнінде өткен форумда шешілген болатын. Ал биыл Бүкіләлемдік күрес одағының (United World Wrestling) президенті Ненад Лалович пен Азия Олимпиада кеңесінің президенті Шейх Ахмед әл-Фахад әл-Ахмет әл-Сабах ұлттық күресімізді 2017 жылғы Азия ойындарының бағдарламасына енгізу келісіміне қол қойды.

Соңғы жаңалықтар