Токиода Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Токиода Қазақстанның экономикалық және инвестициялық әлеуетіне арналған бизнес-семинар өткізілді, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Mitsubishi UFG Financial Group Inc. жапон холдингтік компаниясының Токиодағы Қазақстан Елшілігімен бірлесіп ұйымдастырған іс-шарасына холдингтің корпортивтік клиенттері болып табылатын 150-ден астам жапон компанияларының және экономикалық ұйымдардың, атап айтқанда танымал Sumitomo, Mitsui, Marubeni, Sojitz, NEC, Hitachi сияқты ТҰК мен т.б. өкілдері қатысты.

Елші Ерлан Баударбек-Қожатаев сөзінде өткен жылғы  Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жапонияға сапарының Қазақстан-Жапония қарым-қатынастарын кеңейтілген стратегиялық әріптестіктің жаңа сапалы деңгейіне көтергенін атап өтті. Ол семинар қатысушыларына экономикалық жаңғырудың және шетел инвесторларын тартуға қатысты Қазақстан Үкіметі стратегиясының басымдықтарын таныстырды.

«Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ның Басқарушы директоры Бақыт Құсайынов еліміздің инвестициялық климаты мен бизнес жүргізу үшін бағдар іздестіру барысында компания тарапынан шетел инвесторларына көрсетілетін жәрдем жөнінде айттып өтті.

Алматы қаласындағы Bank of Tokyo UFJ өкілдігінің басшысы Хидеюки Асано банк бөлімшесі қызметінің тәжірибесімен бөлісіп, Қазақстандағы іскерлік әріптестікті дамытуға жапон бизнесінің мүдделілігін атап көрсетті.

Алматыдағы  Toyota Tsusho компаниясы өкілдігінің басшысы Нобуюки Аракава Қазақстанда ойдағыдай жүргізіліп отырған қызметі жөнінде айтып, қазақстандық компаниялармен бірлескен жобаларды одан әрі ілгерілетуге қызғушылығын білдірді.

PwC компаниясы клиенттермен жұмыс істеу департаментінің директоры Масахико Итои сөз сөйлеуінде салық преференциялары, сыртқы сауда режимінің ырықтандырылуы, арнайы экономикалық аймақтар туралы атап өтті.

Қатысушылардың пікірінше, өткізілген семинар Қазақстанның экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыруға, сондай-ақ екі елдің бизнес-қоғамдастықтары арасындағы өзара пайдалы ынтымақтастықты орнату перспективаларын талқылауға арналған тиімді алаңға айналды.

Соңғы жаңалықтар