Токио Олимпиадасына қатысса Ильиннің басты қарсыластары кім болуы мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жолы болып 2020 жылы Токио жазғы Олимпиадасына бара қалған жағдайда әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильиннің негізгі қарсыластары кім болуы мүмкін? Астанадағы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында осы сұраққа жауап берген спортшының өзі 105 келіге дейінгі салмақта қай елдің спортшыларын басты бәсекелес ретінде көріп отырғанын атап өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Сауалға жауап бере келе Илья Ильин Токио Олимпиадасына дейін тағы бір үлкен асу - Әлем чемпионаты тұрғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, 105 келіге дейінгі салмақта кіл мықтылардың ішінен қара үзіп шығу оңай болмайды.

«Әрине, Олимпиаданың ауылына әлі де өте көп уақыт бар. Бірақ, қазір көптеген спортшылар жиналып жатыр. Шындығын айтқанда, менің ойымша, келесі Әлем чемпионатында 105 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетуім мүмкін. Келесі Әлем чемпионатында Руслан Нуриддинов (Өзбекстан), Андрей Арямнов (Беларусь, Бейжің Олимпидасаның чемпионы) келеді. Естуім бойынша Андрей қатты дайындалып жатқан көрінеді. Бір сөзбен, ол жақта екі, ал егер мен қатыссам үш Олимпиада чемпионы болады. Ресейден Давид Беджанян бар. Олар Алматыда өткен Әлем чемпионатында командасымен үлкен бәсеке көрсете білген еді. Ол жұлқа көтеруде рекордсмен. Демек, мықты деген төртеуіміз шығуымыз мүмкін. Олардан кем өнер көрсетпейтін біздің Саша (Александа - авт.) Зайчиков бар. Демек, бесеуміз», - дейді спортшы.

Илья Ильин аталған бес спортшы бара қалса, кіл мықтылардың бәрі де Әлем чемпионы атануға барын салатынын айтады. Бұған қоса аталған чемпиондардан да жас буыннан тағы «мен» деген 2-3 адам шығып қалуы мүмкін.

«Ал 94 келіге дейінгі салмақта шықсам, Әли Хосеини деген жігіт бар. Ол жуықта қиналмай-ақ әлемдік бәсекеде топ жарды. Демек, оның салмағында өнер көрсетсем, мен сол жігітті ұтуға тырысамын», - дейді Илья Ильин.

Еске сала кетсек, Илья Ильин бұған дейін дәрігерлер «ағзаң сай келеді, жүрек шыдайды» десе, 95 пайызға Олимпиадаға бару туралы шешім қабылдайтынын мәлімдеген болатын.

Соңғы жаңалықтар