Тоқаев айыпталушының іске қатысы жоқ бизнесі мен мүлкін бөліске салмауға шақырды

None
None
АСТАНА.  ҚазАқпарат - Сенатта «Бизнестің құқықтары мен мүдделерін қорғауды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен мемлекеттің осы саладағы өзара іс-қимылы туралы» тақырыбында парламенттік тыңдау болды.

Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кіріспе сөзінде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында бизнес-ортаның ахуалын түбегейлі жақсарту және оның аясын кеңейту Қазақстанның үшінші жаңғыруының негізгі басымдықтарының бірі болып белгіленгенін атап өтті.

«Мемлекеттің және кәсіпкерлердің мүдделерін қатар ескере отырып, бизнестің дамуы үшін тиімді және қолайлы орта қалыптастыру - біздің басты міндетіміз болып табылады», - деді Қ.Тоқаев.

Төраға дамыған елдерде мемлекет кәсіпкерлікке технологияларды ұсыну, тиісті экономикалық ақпарат беру, инновациялық қызмет түрлерін ынталандыру арқылы ғана қолдау көрсететінін еске салды. Қ.Тоқаев  еліміздегі өндірістік және жоғары технологиялы бизнесті дамытуға ерекше назар аударуымыз қажет деп санайды. Мемлекеттік қолдау дәл осындай кәсіпкерлікке бағытталуы тиіс, оның ішінде оларды квазимемлекеттік сектор тарапынан тапсырыстармен қамтамасыз ету аса маңызды. 

Оның сөзінде, Үкіметтің Салық кодексін жеңілдетіп, кәсіпкерлер үшін ыңғайлы және қолайлы ету қажеттігі айтылды. «Сенат өз тарапынан бұл жұмысты заңнамалық жағынан қамтамасыз етуге дайын», - деді Парламенттің жоғары палатасының төрағасы.

Төраға заңда қарастырылған ерекше жағдайларда ғана мүліктен күштеп айыру көзделетін, жекеменшікке қол сұқпаушылық туралы Конституция ережесін қатаң түрде сақтауға шақырды.

Қ.Тоқаевтың айтуынша, жекеменшік пен оның меншік иесіне қатысты конституциялық кепілдіктер түрлі айла-тәсілдер арқылы бизнес пен мүлікті бөліске салу әрекеттеріне тосқауыл қойып, жеке бизнесті дамыту мен кеңейтудің қажеттілігі жөнінде кәсіпкерлердің бойына сенім ұялатады, елде жағымды инвестициялық ахуалдың орнығуына ықпал етеді.   

«Егер құқық бұзушылық (соның ішінде қылмыстық іс) кәсіпкерлік қызметке қатысты болмаса, онда жекеменшікке қол сұғылмауы тиіс. Қылмыскер жасаған нақты қылмысы үшін ғана жауап беруі қажет. Оның иелігіндегі меншік, атап айтқанда, оның бизнесі мен мүлкі бөтен адамдардың арасында бөліске салынбауы керек. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан бұл мәселеде ешқандай екіұштылыққа жол бермеу қажет», - деді Төраға.  

Қ.Тоқаев Президенттің Жолдауын іске асыру аясында парламентшілер алдына экономика саласындағы қылмыстарға қолданылатын жазаларды жеңілдету, кәсіпкерлік ортадағы құқық бұзушылықтарға қатысты санкцияларды алып тастау міндетін қойды. Бұл көп жағдайларда тым жалпылама түсіндіріліп, кәсіпкерлердің қызметіне зиянын тигізіп отырған Қылмыстық кодекстің жалған кәсіпкерлік жөніндегі бабына жаңа көзқараспен қарауға қатысты болып отыр.

Сенат төрағасы өз сөзінде кәсіпкерлікті насихаттауға ерекше назар аударды. «Біз кәсіпкерліктің негіздерін оқытуды студенттік шақтан, тіпті, мектеп қабырғасынан бастап қалыптастыруымыз керек. Бизнес жүргізу жөнінде тиісті білім беру бағдарламалары қажет. Жастардың кәсіпкерлікпен айналысуына тосқауыл болатын жағдайлардың жолын түбегейлі кесіп, бизнеспен айналысу тартымды, беделді әрі қолжетімді болуы үшін ең үздік ахуалды туғызуымыз керек», - деді ол.

Төраға шетелдік инвесторлармен қатар отандық кәсіпкерлерге қызмет көрсету мақсатында «бір терезе» жүйесін құру мәселесінің ұзаққа созылып кетуін сынға алды. «Бір терезенің» орнына қосымша «терезелер» пайда болуда, әрі министрліктер арасында әуре-сарсаңға түсу бар. Шетелдік инвесторларға ерекше зейінмен қарап, оларға қызығушылық таныту жағы мардымсыз болып отыр», - деді Қ.Тоқаев.

Тыңдау барысында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов, Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов, ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, председатель правления «Қазақстан шетелдік инвесторлар кеңесі» ассоциациясы басқармасының төрағасы Ульф Вокурка, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Марғұлан Кәрібеков, Евразия интеграциялық зерттеулер және коммуникациялар орталығының атқарушы директоры Станислав Наумов, «Alageum Electric» байқаушы кеңесінің төрағасы Сайдулла Қожабаев сөз сөйледі.

Пікірсайысқа қатысушы сенаторлар баяндамашылар алдына бірқатар мәселелер қойды. Депутат А. Бижанов кәсіпкерлерді ғылыми мекемелермен өзара тығыз байланыс орнатуға, сондай-ақ бизнеске мүгедек жандарды тартуға шақырды.

Сенатор Д. Назарбаева сараптама рәсімдері мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жобаларды келісудің күрделі екендігіне  ұлттық экономика министрлігің басшылығының назарын аударды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдері мен дәрі-дәрмекке сауда үстемелерінің реттеудің қатаң тетіктерін енгізуді ұсынды.

Депутаттар Н. Қылышбаев, Б. Әйтімова, С. Ершов, С. Бектұрғанов «Атамекен» палатасы мен мемлекеттік органдар өкілдеріне палата қызметінің түрлі мәселелеріне, отандық бизнестің қызметі мен оның әлеуметтік жауапкершілігіне қатысты сауалдар қойды.

Талқылауды қорытындылай келіп, Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Асқар Бейсенбаев қазіргі кезде Қазақстанда кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың құқықтық және ұйымдастыру негіздері жасалғанын және соңғы жылдарда іскерлер ортасы жақсарып келе жатқанын атап өтті.

«Қазақстандағы бизнестің құқықтары мен мүдделерін заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуге бағытталған бүгінгі тыңдауда айтылған барлық ұсыныстар мен ескертпелер іс жүзінде өте құнды және Сенат депутаттары мен тиісті мемлекеттің органдар оны зерделеп, пайдаланатын болады», - деді А. Бейсенбаев.

 

 

  

 

 

 

 

 

Соңғы жаңалықтар