«Тобыл» футбол клубы Еуропа лигасына жолдама алды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайдың «Тобылы» Еуропа Лигасына қатысу құқығын растайтын сертификатқа ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін Қазақстан футбол федерациясы сертификаттау комиссиясының отырысын өткізді. Комиссия мүшелері 2018-2019 жылғы УЕФА маусымының клубтық жарыстарына қатысатын футбол командаларына сертификаттарын тапсырды.

«2018-2019 жылғы УЕФА турнирлеріне «Астана» (Астана), «Қайрат» (Алматы), «Ертіс» (Павлодар) футбол клубтары қатысады. Комиссия «Ордабасы» футбол клубына  УЕФА сертификаттау ережесіндегі қаржылық талаптарды орындамағаны үшін сертификат беруден бас тартты. 2017 жылғы Премьер-лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша  және УЕФА клубтық турнирлерінің қаржылық талаптарын орындағаны үшін «Тобыл» футбол клубына УЕФА жарыстарына қатысу құқығын растайтын сертификат берілді», - деді ҚФФ баспасөз қызметінің маманы Мұратбек Биманов агенттік тілшісіне.

Осылайша, Қостанайдың «Тобылы» биылғы футбол маусымында Еуропа лигасында өнер көрсетуге мүмкіндік алды.

Соңғы жаңалықтар