Тоба Өтепбаев елордадағы жас ақындар айтысының жеңімпазы атанды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Елордада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Тәуелсіздік күні мен ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған жас ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы .

Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының мұрындық болуымен бүгін «Жастар» сарайында «Тәуелсіздігім - теңдігім, Егемендігім - елдігім» атты жас ақындар айтысы өтті. Оған еліміздің Алматы, Арқалық, Семей, Қызылорда, Павлодар, Шымкент қалалары мен Торғай, Шығыс Қазақстан өңірінен 9 айтыскер қатысты.

Ақындардың аталы сөзі Тәуелсіздік, Алаш, Рухани жаңғыру, туған жер, тіл тақырыптарына арқау болды.

«Бұл жас ақындар айтысы сонымен қатар Астана қаласының 20 жылдығынада арналып отыр. Ақындар Тәуелсіздігімізді, Астана қаласының кешегісі мен бүгінінің, болашағын, әлемнің өзге де астаналарымен терезесінің тендігін жырлайды. Мысалы кеше 250-260 мың халық болса, бүгінгі күні бір миллионға жетуі. Еліміздің, Астанамыздың экономикасының, білімінің, ғылымының және мәдениетінің өсу жағдайлары жырланады», - деп атап өтті Астана қаласы тілдерді дамыту басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев.

Айтысты өткізудің мақсаты - ақындардың өрелі өнері, өрнекті сөздері арқылы Тәуелсіздік мұраттары мен құндылықтарын насихаттау; ел егемендігі жолындағы Елбасының атқарған игі істерін ұлықтау; «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңыздылығын паш ету; өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, олардың таным-талғамын ұлт руханиятына бағыттау; қазақтың төл өнері, құдыретті сөзі арқылы мемлекеттік тілдің мерейін арттыру, қолданыс аясын кеңейту.

Қазылар алқасының шешімімен І орын Тоба Өтепбаевқа (Арқалық), ІІ орын Аян Ниязбекке (ОҚО), ІІІ орын Нұрқанат Қайратқа (Павлодар облысы) берілді. Ал Айбар Рағатов (Қостанай облысы) болса арнайы жүлде иегері атанды. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен және арнайы дипломдармен марапатталды.

Қалған барлық қатысушыларға Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің атынан Алғыс хат және 50 мың теңге қаржылай сыйлық берілді.

Соңғы жаңалықтар