Тізе бүккенің қалай, ҚАЗАҚ ЖІГІТІ? - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарындағы өңірлік баспасөзге шолу ұсынады.

*   *   *

Емханалардың «жыры», ана мен бала мұңы - «Оңтүстік Қазақстан» газеті

«Оңтүстік Қазақстан» газетінің жазуынша өңір бала туу көрсеткiшi бойынша республикада бiрiншi орында тұр. Былтыр 9 айда Оңтүстік Қазақстан облысында 59061 сәби дүние есiгiн ашты деген мәлімет келтіріледі. Облыстық газет тілшісінің жазуынша, жалпы жұртшылық елдегі демографиялық дүмпуді мығым ұстанатын тәрізді. Алайда, бала тууға аналар емес емдеуші дәрігерлердің жүйкесі шыдамайтыны біліне бастаған. «Бiрде әулетiмiздегi жеңгелерiмiздiң бiрi үшiншi рет құрсақ көтерiп, емханаға есепке тұруға барған ғой. Өзi сияқты келiншектер көп екен. Келушiлердiң көптiгiнен дәрiгердiң қабылдауына кiру мұң болыпты. «Кезегiмiздi күтiп отырғанымызда есiгi жартылай ашық кабинеттегi дәрiгерлердiң бiрi «Неге туа бересiңдер, не көрiндi соншама?» дедi. Әзiлi ме, шыны ма, бiлмедiм, бiрақ, мына сөз жаныма қатты батып кеттi. Әйел үшiн ең ұлы ерлiк пен бақыт - бала сүю. Денсаулығы қалай екен, баласының жағдайы қалай деп алаңдап жүрген қамкөңiл келiншектерге осындай ауыр сөз айтуға бола ма? Бұдан кейiн кiмнiң бала туғысы келедi?» - деп жазады «Оңтүстік Қазақстан» газеті.

Мақала авторы бұл ретте Шымкенттiң емханаларының барлығында бірдей ұзын-сонар кезек екенін, кейде дәрiгерлер жетіспейтінін жазады. Кезекте тұрғандардың арасында ауыр науқастар да, жұқпалы аурумен ауырып келiп отырғандары да бар екенін, тiптi, шақалағын құшақтаған жас келiншектер де дәрiгер есiгiне телмiрiп отыратынын алға тартады. Нақты мысалды алға тарта отырып, мақала авторы кейбір емханаларда өажетті дәрігер табылмаса, енді бірінде жұрт әлі күнге жоспарлы екпелерін ектіре алмай жүргенін баяндайды. «...Құрсағына бала бiтiп, екiншi өмiрi басталып, толқып әрi қорқып жүрген жас аналарға дәрiгерлердiң жылы сөзi ауадай қажет. «Құтты болсын, қарағым. Ендi жақсылап күтiн, мынадай дәрумендердi iш. Бiр нәрсе мазаласа, хабарлас. Сенiң және сәбиiңнiң денсаулығы бiз үшiн, мемлекетiмiз үшiн өте маңызды» деген сөздi естiсе, келiншектер жiгерленбей ме?! Әлемге танымал ұлы дәрiгер Ибн Сина «Дәрiгерде үш қару бар. Олар: сөз, өсiмдiк, пышақ» деген екен. Жылы сөйлеп, науқасқа сенiм берсе, жазылмайтын дерт жоқ. Осы мәселенi денсаулық саласының мамандары назарда ұстаса деген тiлек бiздiкі» деп түйіндейді автор.

Құндылықтардың құлдырауы - «Жетісу» газеті

null

«Жетісу» газеті жұрт арасындағы кеңінен таралып, халыққа сіңісті боп келе жатқан жосықсыз бәсекелестікті сынаған мақала жарық көрген екен. Иә, бұл бәсекелестік - халық арасындағы «менменсіген» бәсекелестік. Кәсіпке, білімге деген бәсекелестік емес, тойға, ондағы аста-төк тағам мен орынсыз ырду мен дырдуға бәсекелестік. Осындай жұрт ішіндегі жосықсыз дүниені көз алдыға келтіру үшін мақала авторы қазақтың арасындағы астамшылықты қас шеберлікпен суреттеген Бейімбет Майлиннің шығармасына жүгінеді. Қазақтың қараңғылығы ащы мысқылымен жазылған «Сары ала тон» әңгімесінен оқырманға үзінді келтіріледі. Автор Майлиннің шығармасындағы кейіпкерді бүгінгі заманнан да көреді: «Сары ала тонның буына семірген Тұтқыштар қазір де толып жатыр».

«Дарақылықтың шыңына шығып алған қазақ тойынан қасиет кетіп бара жатқандай. «Ысыpапшыл қатынға патша дәулетi де бұйым емес», - деген тәмсіл бар. Бұдан аңғаратынымыз орынсыз төгіп-шашып рәсуалау жақсылыққа апармайды» деп жазады автор.

Мақалада барын тойға шашуға тырысатындардан бастап, ысырапшылдыққа жол беретіндер туралы айтылып, бұған тыйым салып жатқан ешкімнің жоқ екені, керісінше несие алып той жасаушылар қатары көбейгені жазылады. «Бірнеше жыл бұрын тәжіктер, артынша көршіміз қырғыздар, іле-шала өзбек ағайындар аста-төк дастарқан жасап, той жасауға тыйым салды. Қырғыздар жылына миллиардтап сом қаражатты тойға жұмсайтындарын біле сала, той шығындарын қысқарту, той уақытына лимит қою секілді мәселелерді қатар көтерді. Тіпті, Үкіметке тұрғындардың ақшасын желге ұшырмау туралы заң жобасы ұсынылды. Аңдап қарасаңыз ойға сүйек боларлықтай заңнама... Екінші жағынан салтымыздың сағы сынып, құндылықтарымыз құлдырап барады. Кейде қоғам қарадүрсін соқпаққа түсіп, жүрісінен жаңылып қалып жатады. Бүгінде ұзату тойында қызы әкесімен вальс билеуі дәстүрге айналды. Ежелден қызды шығарып салу тойына әкесі қатыспаған. Бұл дегеніңіз батыстан келген үрдісті елестетеді. Қазіргі тойдың басым бөлігі батыстық бағыттың жадағай көшірмесіндей...»

Тізе бүккенің қалай, ҚАЗАҚ ЖІГІТІ? - «Атырау» газеті

null 

«Атырау» газеті соңғы кезде жастар, әсіресе ғашығына сезімін білдіріп, оны әлеуметтік желіде жариялауды сәнге айналдырып бара жатқан жігіттерге арнап мақала жариялапты. Автор қызға ұсыныс жасар сәттегі жігіттердің қылығын ерсі деп санайды. «Ерсі демеске, амалымыз жоқ. Ар-намысын бәрінен жоғары қоятын қазақ жігіті қашан біреудің алдында тізе бүгіп еді?» деп жазады "Атырау" газеті. Сонымен қатар, автор әлеуметтік желідегі өрімдей жас қыздардың дәл осындай ұсынысты әбден санасына сіңіріп алғанын алға тартады. Тіпті нақты мысалмен жастарға қазақы қалып туралы әңгіме айтқанын да жеткізеді. «Тізерлеп тұрып, сақина берудің - қазақы қалыбымызға жат екенін түсіндіруге тырыссақ та, әңгімелесушіміз «Ең қызығы сол емес пе!» деп, сөзімді тиып тастады» деп жазады автор. Тақырыпқа тұздық ретінде көп балалы анадан, отбасылық психологтан да пікір келтіріледі. Ал әңгімені түйіндегенде: Қалай десек те, бұл қылық - қазақы қалыбымызға жат, ұлттық ұстанымымызға қайшы. Еліктеу дедік, жоғарыда. Расында да, сырға тағып, шаш бояған, қыз алдында тізе бүгіп, ұсыныс жасаған жігіттер - өзгенің қаңсығына таңдай қағып, бойымызға сіңіріп алуға бейім тұратын еліктегіштігіміздің жемісі. Әйтпесе, ата-бабаларымыз, әке-ағаларымыз еңкейместен-ақ  жарына қадірлі де ардақты болып келді емес пе!..».

Жерлеу орны үшін қызмет көрсету қанша тұрады? - «Ақтөбе» газеті

«Ақтөбе» газетінің жазуынша, Ақтөбе қаласы мен облыс орталығындағы 5 ауылдық округтің аумағында 50 зират бар екен. Олардың жалпы аумағы - 220,9 гектар. Көлемі ең үлкен зират - Кірпішті ауылының маңында орналасқан (65 гектар). Зираттардың көпшілігі Благодар ауылы (18) мен Ақтөбе қаласына (12) тиесілі. Алдағы уақытта осы 50 зираттың 22-сін жабу жоспарланған. Өйткені, бұл зираттарда жерлеу орны жоқ көрінеді. Айта кетерлігі, облыстағы «Салттық қызметтер бірыңғай орталығы» жақында тендер ұтып, енді осы зираттарды қарау, оны ұстауға жауап беретін көрінеді. Сосын осы орталық зираттардағы жерлеу орындарында ақылы қызмет көрсететін болып, сол қызметтері үшін бағасын да бекітіпті. «Соған сәйкес ауылдық округтердегі қоршалған зираттардан берілген жерлеу орны үшін қызмет көрсету құны - 5 мың теңге, ал қоршалмаған зираттар үшін 10 мың теңге төленеді. Ақтөбе қаласындағы зираттардағы жерлеу орны үшін қызмет ақысы - 20 мың теңге. Халық қате түсініп қалмағаны жөн. Жер сатылмайды. 5 мың теңге, 10 мың теңге, 20 мың теңге  - көрсетілген қызмет үшін алынады. Бұл қаражатқа зираттардардағы жерлеуге берілген аумақты жинастыру, қоқыстарды шығару, көгалдандыру, сумен қамтамасыз ету, қыс мезгілінде қар аршу секілді жұмыстар жасалады. Айта кету керек, бұл бір реттік төленетін ақы. Ақша ай сайын төленбейді», - дейді «Салттық қызметтер бірыңғай орталығы» ЖШС өкілі Сәбит Дүйсенов.

Қостанай ауданының 27 ауылының атауын өзгерту ұсынылды - «Қостанай таңы» газеті

Қостанай облыстық газеті жылды қорытындылаған санында өңірдің «Жылдың жеті жаңалығын» тізбектеген екен. Оның ішінде «Кейкі кесенесі» мен Шақшақ Жәнібекке ескерткіш орнату шаралары ерекше аталып өткен. Сонымен қатар, былтырғы жылы Қостанай қаласындағы қос көшеге «Тәуелсіздік» және «Қобыланды батыр» атауларын беру туралы ұсынысты республикалық ономастика комиссиясы мақұлдапты. «Бұл бастама жалғассыз қалған жоқ. Қостанай ауданының Давыденов ауылы «Еңбек» болып өзгертілді. Сондай-ақ, Рудный қаласының 4 көшесін мемлекеттік тілге алмастыру жөнінде қоғамдық тыңдалым өтті. Қостанай ауданының 27 ауылына «жаңа есім» беру ұсынысы жасалды» делінген мақалада.


Соңғы жаңалықтар