Тіс қаққан ұры Павлодар-Астана пойызының жолсерігі мен басшысын тонап кетті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Көлік полициясы Павлодар-Астана бағытындағы жолаушылар пойызында үш адамды тонаған Павлодар облысының 22 жастағы тұрғынын ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі көлік ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Пойыз 14 қаңтар күні 22:40-та Павлодар станциясынан шыққан және 01:20-да Екібастұзға келген. 

Сапар барысында көлік ІІД жолаушылар пойызын алып жүру батальонының қызметкерлеріне жоғарыда аталған пойыз басшысы хабарласып, қызметтік купеден 8600 теңге ақша ұрлаған белгісіз адамға қатысты шара қабылдауды сұрады. Кейінірек көлік полициясына пойыз жолсеріктерінің бірі белгісіз біреудің 7600 теңге көлемінде қаражатын жымқырып кеткенін айтып шағымданған.

Одан кейін пойыз вагондарының бірінде жолаушы құны 200 000 теңге тұратын ұялы телефонының ұрланғанын хабарлады. 

Жедел-іздестіру шаралары аясында көлік полицейлері Павлодар облысының тұрғынын анықтап, қолға түсірді. Күдікті тағылған айыпты мойындап, түсініктеме жазды. Ұрланған заттар тәркіленді.

Дер кезінде полицияға хабарласу арқылы зардап шегушілер ұрлықтың ізін суытпай ашуға көмектесті.

Аталған фактілер ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабымен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріне тіркелді.

Қазіргі уақытта күдіктінің өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда. Тергеу амалдары жүріп жатыр.

Соңғы жаңалықтар