Тіліміз әуезділігінен айырылып бара жатыр - Сауытбек Абдрахманов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңадан құрылған Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ең алдымен ғылымға маңыз беруі керек. Орталықтың ашылуында Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов осылай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Расында да, үлкен ғылыми әлеует бар. Ғылыми деген сөзді қадап айтқым келеді. Орталықтың жұмысы Ғылым академиясымен, Білім және ғылым министрлігімен қоян-қолтық жүруі тиіс. Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты - негізгі сөзді айтатын жер. Жаңадан құрылып жатқан орталықтың мән-маңызына ешқандай дау жоқ. Бірақ, бәрін алдымен шешетін жер - ғылым болуы керек. Ғареке (Ғарифолла Есім - авт.) барлық мәселелерді Ғылым академиясы және Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтымен бірлесе атқару керек. Қатарласып, жарысып жұмыс істеу - жақсы нәтиже бермейді», - деді Сауытбек Абдрахманов.

Мәжіліс депутатының айтуынша, әліпби ауыстыру - тілді ауыстырып, басқаша жаза бастау емес.

«Осы тарихи мүмкіндік бізге беріліп отыр. Осы тарихи мүмкіндіктің тұсында біз жазуымызды, орфографияны өзгертіп алуымыз керек. Орфографиялық сөздікті интернетке салып тұрып, жылдар бойы талқыламаса болмайды. Жаңаша жазу арқылы ғана қазақтың қоңыр дауысын тілімізге қайтып алып келеміз. Осы жаңа әліпби арқылы», - деді ол.

Сауытбек Әбдірахманов сонымен қатар, барлық кірме сөздер сол күйінде жазылады деп, барлық ауысқан сөздерді орыстың жазылуы мен латын әріптеріне қайта қоятын болсақ, тілдің әуездігінен тағы да айырылатынымызды айтты.

«Онсыз да әуездік кетіп бара жатыр. Ақыр аяғы әншілердің өзі «Әкесі доның жақсы адам» деп айтатын дәрежеге жетті. Содан кейін сингорманизм. Мектеп балаларын айтпағанда, телеарна дикторларының өзі «Қайда қалды», «Қайда кетті» деп сөйлейді. Өйткені, олар суфлердан оқиды. Суфлерда қайда қалды - ҚҚ-мен беріледі. Тіл білетін адам «қайда қарады» дейді ғой. Яғни, бәрі сөздің әуезділігіне байланысты. Енді осы ғажап болғанда театрдың сахнасына шыға бастады. Жазылу бойынша сөйлеу театрдың сахнасына дейін жетті. Бүкіл әлемде орфография бойынша жазады да, орфоепия бойынша сөйлейді. Осы мәселеге біз қатты көңіл бөліп, жазудың заңдылығы бойынша жазатын, сөйлемнің заңдылығы бойынша қалыпқа тіл реформасы мүмкіндік беруі тиіс. Осы жолда жұмысқа сәттілік тілеймін», - деп түйді мәжілісмен.

Еске сала кетсек, бүгін елордадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ашылу салтанаты өтті. Жиынға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Парламент депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі отандық ғалымдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысқан болатын. 

Соңғы жаңалықтар