Терминология жұмысын мемлекеттік деңгейде қолға алу керек - Ерден Қажыбек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы бойынша өз пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Ғалымның пікірінше, бұрынғы Жолдауларға қарағанда биыл Елбасы цифрландыру, жаңа заманауи технологиялар сынды әлдеқайда жоғары мақсаттарды халық алдына қойып отыр. Бұл - еліміз бен мемлекеттің биіктей түскенінің көрсеткіші.

«Елбасы Жолдауда терминологияға назар аударып отыр. Шынында да, терминология бізде - кенжелеп қалған тіл білімі салаларының бірі. Әр сала үшін терминология ғылымында дәлелденген мөлшер бойынша, кемінде 5 мың, әрі кетсе 10-15 мың термин керек екен. Қоғамда 100 сала бар десек, кемінде 500 мың термин керек екен. Ал біз соңғы 20-25 жылда 20-30 мың терминді ғана бекітіп отырмыз. Дәл қазір ұлттық терминологияны, әсіресе IT-технология, инновациялық бағыттағы терминдерді бір жүйеге келтірмесек, артта қаламыз», - дейді Е. Қажыбек.

Институт директорының айтуынша, терминология - тек қана филологтардың жұмысы емес, бұл - мемлекеттік деңгейде қолға алынатын жұмыс.

«Ұлттық терминологияны қалыптастыру жұмысына еліміздегі ауыл шаруашылық, өндіріс секілді барлық салалары бойынша тиісті министрліктер, ведомстволар, комитеттер немесе ұлттық компаниялар өз саласы бойынша арнайы топ құрып, әр жаңа терминді қарастырып, қабылдап, кең талқыға салуы тиіс. Негізгі терминдерді жасау, талқылау және сараптау және бекіту рәсімдерін, оның жолдарын, тәртіптерін, кестесін, жоспарын жасауы тиіс. Сол жоспар бойынша бүкіл ел болып жұмыс істеуіміз керек», - деп өз сөзін толықтырды ол.

Ерден Қажыбек былтыр қараша айында Үкімет жанындағы ұлттық комиссия жанынан терминологиялық топ құрылғанын, бірқатар жиындар өткенін еске салды. Жақын күндері арнайы сайт ашылып, барлық қазақстандықтардың терминші мамандардың жұмысын қарауына, қадағалауына және кеңес беруіне мүмкіндік берілмек.

Соңғы жаңалықтар