Тері бұйымдарын таңбалау тұтынушыны контрафактілік өнімнен қорғайды - Сағынаев

None
None
АСТАНА.ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 4-тоқсанында елімізде табиғи теріден жасалған киімдерді таңбалауға бағытталған ілкі жоба қолға алынбақ. Бұл жобаның қарапайым азамат, мемлекет үшін қандай тиімділігі бар, тері тондарды импорттайтын кәсіпкерлер тауарын таңбаламаса қандай жазаға ұшырайды? ҚазАқпарат тілшісі осы және өзге де сауалдарды ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы Ерлан Сағынаевқа қойған болатын.

- Ерлан Ермекұлы, таяу күндері іске қосылатын тері бұйымдарын таңбалау ілкі жобасы жайында айтып берсеңіз. Жалпы бұл жоба қарапайым халыққа, мемлекетке не береді?    

- Иә, осы жылдың 4-тоқсанында табиғи тері бұйымдарын таңбалауға бағытталған пилоттық жобаны іске қоспақпыз. Ол үшін қажетті ақпараттық жүйені дайындап, нормативтік-құқық актілерді қабылдадық.

- Қолға алынбақ бұл шара не бермек?

- Ең біріншіден, тұтынушы сатып алатын тауары туралы толық ақпаратпен қамтамасыз етіліп, контрафактілік өнімнен қорғалады. Екіншіден, кәсіпкерлерге бизнес жүргізу үшін бәсекелестік жағдай теңестіріліп, нарықты заңсыз өнімдерден қорғау және зияткерлік меншік құқықтарын сақтау жүзеге асырылады. Үшіншіден, мемлекет үшін көлеңкелі экономика көлемін қысқартып, бюджетке салықтардың түсімін арттыруға мүмкіндік ашылады. Таңбалауға заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер өндірген немесе әкелген қара күзен, саз құндыз, ақ түлкі не қызыл түлкі, үй қояны не қоян, жанат, қой терісінен жасалған киімдер жатады. Жеке тұлғалар өздері кию үшін әкелген тері бұйымдары бақылау, яғни сәйкестендіру белгілерімен таңбаланбайды.

- Таңбалаудан қандай экономикалық нәтиже күтіледі? Осы таңбалауды енгізген ЕАЭО-ға мүше-мемлекеттерде оң нәтиже бар ма?

- Бізден бұрын мұндай шараны қолға алған Ресей мен Беларусь тәжірибесі оң нәтиже көрсетіп отыр. Мәселен, аталған елдерде таңбалау жүйесі қолданыста болған бірінші жылда, яғни 2016 жылдың тамызынан бастап 2017 жылдың шілдесіне дейінгі аралықта тері бұйымдарының заңды айналымы 1 жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда 7 есеге, 1,1 миллионнан астам данаға дейін өскен. Дәл осы аралықта аталған елдердегі тері бұйымдарының декларацияланған импорты 1,5 есеге дейін немее 346 мың данаға дейін артқан.

- Жалпы елімізге келетін теріден тігілген тондардың қай елден импорты басым?

- Біздің деректерімізге сәйкес өткен жылы Қазақстан аумағына 11 877 дана тон жеткілген. Негізінде тондар Қытай, Түркия, ЕО елдерінікі. Нақты айтар болсақ, 2016 жылы Қазақстанға Қытайдан 9143, Түркиядан 1707, ЕО елдерінен 761, БАӘ-ден 113, Өзбекстаннан 85, Грекиядан 32, Панамадан 22, АҚШ-тан 13 және Канададан 1 тон әкелінген.

- Сатылмай қалған таураларды да таңбалау қажет пе? Қажет болса қанша күннің ішінде?

- Иә, сатылмаған тері бұйымдары да міндетті таңбалануға жатады. Мұндай тауарлары бар кәсіпкерлер пилоттық жоба жұмыс істеген күннен бастап 90 күнтізбелік күн ішінде таңбалауға тиісті.

- Ал комиссиялық сауда негізінде сатуға қойылған тауарлар да таңбалана ма?

- Жеке тұлғамен жасалған шарт негізінде тауарлар комиссиялық саудада сатуға ұсынылатын болса, онда мұндай тауар да таңбалануы қажет.

- Тері бұйымдарынан тұратын тауарлар таңбаланбаса қандай да бір санкция қарастырылған ба?

- Ілкі жоба кезінде санкция қарастырылмаған. Бірақ, тауарлар тізбесін ұлғайту бойынша жаңа келісім жобасына қол қойылғаннан кейін тиісті заңдарға өзгерістер енгізіліп, таңба жоқ болған кезде кәсіпкер жауапкершілікке тартылатын болады.

- Қазақстанға ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден әкелінген тондарды таңбалау қажет пе?

- Жоқ, мұндай киімдер бізге таңбаланған күйінде әкелінеді және таңбаланғаны туралы мәліметтер ақпараттық жүйе бойынша беріліп отырады. Ал одаққа мүше елдерден жеткізілген тауарларда таңба белгісі болмай шықса, онда ол таңбаланбаған деп саналады.

- Алдағы уақытта таңбаланатын тауарлардың тізбесін ұлғайту жоспарда бар деп айтып едіңіз...

- Иә, бар. Қазіргі таңда таңбаланатын тауарлар тізбесін ұлғайту бойынша жаңа келісім жобасы қол қою үшін дайындалуда. Айта кетерлігі, таңбалануға жататын тауарлардың тізбесін ЕЭК кеңесі бекітеді. Аталған тізбеге зергерлік бұйымдарды, дәрілік заттарды және аяқ киімдерді кіргізу қарастырылуда.

- Ал кәсіпкер таңба бойынша тапсырысты кімге береді?

- Кәсіпкерлер таңба бойынша тапсырысты 2-сатылы эмитентке, яғни таңбаны дайындайтын және сататын тұлғаға береді. Толық ақпаратты Мемлекеттік кірістер комитетінің және ҚР ҰКП «Атамекен» сайттарынан алуға болады.

- Тері бұйымдары қай уақытта таңбаланады?

- Тері бұйымдары үшінші елден кіргізілген кезде кедендік декларация рәсімделеді және тауарларды шығару жасалады. Осыдан кейін импорттаушы 30 күнтізбелік күн ішінде тері бұйымдарды таңбалау қажет.

- Елімізде тері бұйымдарын таңбалау туралы қағидалар бар ма?

- Иә, «Табиғи теріден жасалған киім заттары, киімге керек-жарақтар және өзге де бұйымдар» тауар позициясы бойынша тауарларды бақылау (идентификациялау) белгілерімен таңбалауды енгізу жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы, Инвестициялар және даму, Ақпарат және коммуникациялар, Ұлттық экономика министрліктерінің бірлескен бұйрығы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2017 жылғы 29 қыркүйекте № 15821 болып тіркелген.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар