Тергеушілер бірқатар өкілеттігінен айырылуы мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов ақтау үкімдері аз кездесетіндігін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тергеуші іс бойынша материалдарды жинайды және оны дәлел ретінде таниды. Ал қорғаушы жағында мұндай құқық жоқ. Бұл өз кезегінде тараптардың бәсекелестігіне ықпал етпейді. Сондықтан деректерді дәлел ретінде тану немесе танымау тергеуші мен прокурорға емес, сотқа тиесілі болуы керек. Неге біз осыны маңызды деп санаймыз? Тәжірибеге сүйенсек, сот тарапы тергеу жинаған айғақтармен ғана шектелумен қатар, осы дәлелдердің мәртебесін қайта қарастыруға бейім емес. Соттың алдын ала дәлелдермен байланып қалғандығы - ақтау үкімдерінің тым аз болатындығының басты себебі», - деп атап өтті Жақып Асанов «Қазақстандағы сот билігінің тәуелсіздігі және сот әкімшілігі мәселелері» атты халықаралық конференцияда.

Мұнымен қоса ол Сенатта талқылауға енгізілген заң жобасында прокуратура мен сот арасындағы өкілеттік нақты айқындалғанын сөз етті.

«Біз ешбір даусыз сотқа тиісті өкілеттікті бердік. Енді дәл осындай қадамды тергеу мен прокуратура арасында іске асыру қажет. Неге? Бүгінде тергеуші істің басынан, оны сотқа өткізуге дейін өзі би, өзі қожа. Ол өзі материалдарды жинайды, оны дәлел ретінде таниды, өзі күдіктілікті айқындайды. Сондай-ақ тергеуші істі Қылмыстық кодекстің тиісті бабына бейімдеп, айыптау актісін шығарады немесе қылмыстық істі тоқтатады.  Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше ешбір елде, ең дамыған 30 елде осындай құқық пен өкілеттік тергеуге берілмеген», - дейді Ж. Асанов.

Айта кетейік , аталған жиын барысында ол прокуратура органдары көптеген дауларға қатысудан бас тартқанын жеткізді. 

Бұл қадамдар өз кезегінде қылмыстық процеске көбірек назар аударуға мүмкіндік берді.

Соңғы жаңалықтар