Теннис: Штутгарт турнирінде Зарина Диястың қарсыласы белгілі болды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Теннистен Штутгарт турнирінде қазақстандық Зарина Диястың қарсыласы белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы турнирдің іріктеу сайысынан сәтті өткен З.Дияс алғашқы айналымда латвиялық теннисші Анастасия Севастовамен кездесуі керек еді. Алайда А.Севастова бұл турнирге қатысудан бас тартты. Жарысты ұйымдастырушылар оның орнына германиялық теннисші Карина  Виттефтіні «лаки-лузер» ретінде қосты. К.Виттефт З.Дияс сияқты іріктеу сайысына қатысып, финалда чехиялық Маркета Вондроушовадан жеңіліп қалған болатын.

Осылайша З.Дияс пен К.Виттефт биыл екінші рет кездесейін деп отыр. Наурыз айында қазақстандық теннисші Майами турнирінде германиялық спортшыны 4:6, 7:5, 6:0 есебімен тізе бүктірген еді. Қазіргі кезде Зарина әлемдік рейтингте 52-інші орында тұрса, Карина одан төрт саты кейін келеді. Бұл екі теннисшінің қай жеңгені екінші айналымда әлемнің бесінші ракеткасы, латвиялық Елена Остапенкомен күш сынасады.

Айта кетейік, Түркияның Ыстанбұл қаласында өтіп жатқан турнирде тағы бір қазақстандық теннисші Юлия Путинцева бірінші айналымда әлемнің 34-інші ракеткасы, румыниялық Сорана Кырстямен шеберлік байқасады. Ал Будапешт турнирінде Александр Бублик Өзбекстан елінің өкілі Денис Истоминмен кортқа шығады.

Бұдан бұрын З.Диястың Штутгартта негізгі турнирге жолдама алып, Михаил Кукушкиннің Барселона жарысының алғашқы айналымынан аса алмағанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар