Теннис: Путинцева Австралия чемпионатының үшінші айналымына шыға алмады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Теннистен Австралия ашық чемпионатының екінші айналымында Қазақстанның бірінші ракеткасы Юлия Путинцева румыниялық Ана Богданмен күш сынасты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте қазақстандық теннисші 54-інші, румыниялық спортшы 104-інші орында тұрғанымен, байрақты бәсекеде екеуі де жеңіс үшін барын салып бақты.

Бірінші партияда Юлия қарсыласын 6:1 есебімен ойсырата жеңгенімен, одан кейін сол қарқынынан айырылып қалды. Екінші партияда А.Богдан 6:2 есебімен есе қайырды.

Үшінші, шешуші партияда есеп 2:2 болып тұрған сәтте румыниялық теннисші брейк жасап, таразы басын өзіне аударды. Сөйтіп ол 6:3 есебімен жеңіске жетті. Бұл бәсеке 2 сағат 8 минутқа созылды.

Еске сала кетейік, осы «Үлкен дулыға» турнирінің бірінші айналымында Зарина Дияс тағы бір румыниялық теннисші Сорана Кырстяға жол берген болатын. Бүгін сол С.Кырстя чехиялық белгілі теннисші Люси Шафаржовадан ұтылды.

Ерлер арасында Михаил Кукушкин де бірінші айналымнан аса алмай, атын ерте туарған еді.

Осылайша, Австралия біріншілігінде Қазақстаннан жекелей сында ешкім қалған жоқ. 

Соңғы жаңалықтар