Теңіз-Новороссийск құбыр желісінің қуаттылығы артты
«А-НПС-3А жаңа мұнай айдау станциясы - КҚК кеңейту аясында салынған соңғы нысан. Ол арқылы жүйенің мүмкіндігі жылына 28-ден 67 млн тоннаға артады. Станция автоматтандырудың жоғары деңгейіне ие әлемдік өндірушілердің заманауи жабдықтарымен жабдықталған», - деп хабарлады КҚК-Қазақстан баспасөз қызметі.
Аталмыш нысанның құрылысы 2013 жылдың тамызында басталған. 2016 жылдың жазында нысанды салу кезінде 600-ден астам жұмысшы еңбек етті.
Станцияның ашылу рәсіміне КҚК бас директоры Николай Горбань, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, КҚК акционерлер өкілдері қатысты.
КҚК құбыр желісі жүйесі - ТМД аумағында шетелдік капиталдың қатысуымен энергетика саласындағы ірі инвестициялық жобалардың бірі. Теңіз-Новороссийск құбыр желісінің ұзақтығы 1 511 шақырымды құрайды.