Теңге бағамы едәуір әлсіремейді - сарапшы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - FOREX CLUB КТ сарапшысы Валерий Полховскийдің пікірінше, мұнай бағасы төмендеу шегіне жеткендіктен, алдағы уақытта теңгенің едәуір құлдырауы да болмайды.

«Теңге динамикасы Ресей рублі арқылы мұнай бағасымен тығыз байланыста.  Биылғы жылы бұл өзара байланыс ерекше байқалды. Бұл жылдық максимум мен минимумға теңге мен мұнай қатар қол жеткізгенінен-ақ көруге болады.  Мұнай бағасы құлдырау шегіне жетті, сондықтан алдағы уақытта теңге бағамы едәуір әлсіремейді деп ойлаймын. Иә, АҚШ пен Ливияда өндіру көлемі өсті. Биылғы жылы олар жалпы алғанда тәулігіне 1 миллион баррельге жуық қосымша мұнай өндіруі мүмкін. Алайда, ОПЕК тәулігіне 1,8 миллион баррельді нарықтан шығарды, оған қоса әлемдік сұраныс тәулігіне 1,2-1,5 миллион баррельге артады. Нәтижесінде биылғы жылы таза сұраныс (сұраныс пен ұсыныс арасындағы айырмашылық) тәулігіне шамамен 3 миллион баррельге төмендейді. Әлемдегі мұнай қоры 65 миллион баррельге дейін азайды. Ол тек АҚШ-та ғана өсіп, ал жалпы әлем бойынша құлдырап жатыр.

Нарық эмоционалды формадан тиімділікке қайтып оралғанда  ғана, баға бұрынғы қалпына, яғни, барреліне 50 долларға қайтып келеді. Осыған сәйкес, ұлттық валюта 1 долларға 315 теңге шамасында тұрақтауы мүмкін. Ендігі мәселе мұның қаншалықты тез болатындығында. Біз жақын арада өндірісті қысқарту бойынша ОПЕК-тің шешімі тиімді болғанына көз жеткіземіз деп ойлаймын. Бұл күзге қарай болатын шығар», - деп түйді Полховский. 

Кейбір сарапшылар мұнай бағасының құлдырауына алып-сатарлар кінәлі деп есептейді. Бұл пікірмен ЛУКОЙЛ басшысы Вагит Алекперов те келіседі, деп хабарлайды ресейлік БАҚ.

«Біз барлығымыз, соның ішінде сарапшылар мен ұйымдар да бұл мәселеге алып-сатарлардың қатысы бар деп есептейміз. Мұнай нарығы өсіп келеді. Біз бүгін Еуропаның мұнай өнімдері нарығындағы сатылымды арттырдық. Америка нарығы өсіп келеді. ОПЕК мәліметі бойынша, мұнай қоры азайды. Бұл кездейсоқтық емес. Бүгінгі бағаның құлдырауына алып-сатарлардың қатысы бар», - деді Алекперов.

Сарапшылардың пікірінше, соңғы екі айдағы ОПЕК-ке мүше елдер мен Латын Америкасы елдеріндегі өндірістің артуы мұнай бағасының күрт құлдырауына ықпал етті.

Айта кетейік, мамыр айының соңында ОПЕК-ке мүше елдер мұнай өндірісін қысқартуды 2018 жылдың наурыз айына дейін ұзартқан болатын. 

Соңғы жаңалықтар