Теміржолмен экспортталатын астық көлемі белгілі болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астық тасымалына қосымша 1 мың вагонды Ресейден тарту жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР ИДМ Көлік комитеті төрағасының орынбасары Дмитрий Потлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Министрлік теміржол көлігімен көмір және астық, сондай-ақ өзге де әлеуметтік маңызы бар жүктер тасымалына айрықша назар аударып отыр. Бүгінде ашық вагондар паркі 50 мыңға жуық. Жылу беру маусымына дайындық аясында (2017 жылдың мамырынан бастап) 31 млн тоннадан астам көмір тасымалданды, бұл өз кезегінде жоспарлы көлемнің 98 пайызы», - дейді Д. Потлов Инвестициялар және даму министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, астық тасымалының шаралары қызу жүріп жатқан кезеңде жылжымалы құрамның жетіспеуі байқалуы мүмкін.

«Бүгінде астықты тасымалдауға шамамен 10 мың вагон жұмылдырылған. Олар айына 1 млн тонна астық тасымалдауды қамтамасыз етеді», - деді комитет өкілі.

Қазіргі кезде Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе астық тасымалдайтын вагондар санын арттыру мәселесі пысықталуда. Осы орайда жыл соңына дейін астық тасымалы көлемін арттыру көзделген.

«Бұл тұрғыда қосымша 1 мың вагонды Ресейден тартуды жоспарлап отырмыз. 2017 жылдың 9 айында шамамен 5,5 млн тонна астық тасымалданды, оның ішінде 3,6 млн тонна экспортқа шығарылды. Қазан айына қарастырылған астық тиеу көлемі 850 мың тоннаны құрап, соның 600 мың тоннасы экспортқа тиесілі. Қараша-желтоқсанда тасымалданатын астық 1 млн тоннаға дейін жетеді, оның ішінде 650 мың тоннасы экспортқа бағытталады», - деді Потлов.

Соңғы жаңалықтар