Теміртауда сәтсіз сауда-саттықтан кейін жабылған Спорт клубының тағдыры не болмақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Теміртау қаласында саудаға шығарылып, сатып алушының табылмауынан жұмысын тоқтату шешімі қабылданған «Спорт клубының» жабылуы оның құрылым бөлімдерінің қызметіне кері әсерін тигізбейді. Клубтың құрамындағы Жүзу бассейні, Мұз айдыны сарайы және басқа да спорттық нысандар бұрынғыша жұмыс істей беретін болады. Бұл жайында облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының арнайы ақпарат конференциясында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат аймақ әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«ҚР Үкіметі Қаулысымен бекітілген жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, Теміртау қаласының «Спорт клубы» ҚМКМ бәсекелік ортаға берілуге тиісті нысандар тізіміне енгізілген болатын. Алғашқы сатылым 2016 жылдың 29 желтоқсанына белгіленіп, нысанның бастапқы құны 1,1 млрд тенгеге бағаланды. Бағасы 50%-ға төмендетілген екінші сауда 2017 жылдың 9 ақпанында өтті. Ал 23 наурызда өткен үшінші саудада баға 228 млн теңгеге дейін түсті. Алайда, сатып алуға ықылас танытушылар бола қоймады»,- деп атап өтті Теміртау қаласы әкімінің орынбасары міндетін атқарушы Дәурен Есімханов.

«Мемлекеттік мүлік туралы» ҚР Заңы бойынша, егер сатуға қойылған мекеме үш саудадан кейін сатылмайтын болса, таратылуы қажет.
Яғни Азаматтық Кодекстің талабы бойынша, таратумен айналысатын ұйымның балансында тұрған мекеме мемлекеттің меншігіне қайтарылуы қажет. Бұдан әрі нысанның тағдырын билік шешетін болады. 

Теміртау қаласындағы «Спорт клубының» құрамына 50 метрлік жүзу бассейні, Мұз айдыны сарайы, «Металлург» стадионы және Ақтау кентінің спорт кешені кіреді.

«Теміртау қаласының «Спорт клубы» ҚМКМ заңды тұлға ретінде жабылып отыр. Алайда, барлық спорттық нысандар мен жұмыс орындары сақталады. Бапкерлер, жұмысшылар мен техникалық қызметкерлер құрамы -баршасы бұрынғыша жұмыстарын жалғастыра береді.Нысандар облыстың меншігіне өтеді. Біз оларды өз меншігімізге алып, Теміртау қаласындағы олимпиадаға дайындау бағытындағы балалар мен жасөспірімдердің спорттық мектебінің құрамына береміз», - деді өз сөзінде облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Наталья Сухорукова.

Сондай-ақ, басқарма басшысы Сәтбаев қаласындағы спорттық-сауықтыру кешенінің де мәселесі осындай жолмен шешілгенін айтып өтті.
Теміртаудың спорт клубының қызметкерлер құрамы - 270 адам. 1 желтоқсаннан бастап жұмысшыларды жаңа орындарға орналастыру жоспарланып отыр.

Теміртау қаласы әкімдігінің мәліметінше, Спорт клубының секцияларына 1700 бала қатысады.Балалар мен жасөспірімдердің олимпиадаға дайындау спорттық мектебін кеңейту қосымша қаражатты талап етеді. Әзірше қанша қажет екені белгісіз. Есептеу жүргізілуде.

 

Соңғы жаңалықтар