Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына - 85 жыл

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 85 жылдығы аталып өтілді. Республика сарайында аталған академияны тәмамдаған студенттер мен ұстаздары үлкен концерт берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін елімізде кәсіби өнер мамандарын дайындайтын Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер Академиясының 85 жылдығы аталып өтуде. Ресми жиналыстың орнына осы Академияның түлектері мен студенттерінің,  ұстаздарының жасаған концертінің болғаны аса маңызды. 1933 жылы құрылған ең тұңғыш Музыка және театр училищесінде талантты ұл-қыздар тәлім алып шықты. Әлемде ұлттық Академиямыз жетекші классикалық ЖОО қатарынан орын алған. Кілең дарабоз өнерпаздардан тәлім алған шәкірттер бүгінде бүкіл қазақ халқының мәртебесін асқақтатып отыр. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауын басшылыққа ала отырып, оқу орнының ұжымы XXI ғасырдың талаптарына жауап беретін  мамандарды дайындауға бар күшін салып келеді. Бұл ұлттық өнердің өркендеуіне жұмыс жасайтын шығармашылық элита болмақ», - деді Қ Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова министр Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау сөзін жеткізе отырып.

Концерттің шымылдығын «Тұран» тобы, хореография мен цирк режиссурасы факультеттерінің студенттері ашты. 

Аталған қойылым  ҚР еңбек сіңірген қайраткері А.А. Оренбургский жетекшілігімен, эстрадалық-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен  жүргізілді.

Сонымен қатар Академия туралы деректі фильм көрсетілді.

Көрерменнің  құлақ құрышын ҚР еңбек сіңірген әртісі  Рамазан Стамғазиев және шәкірттері Ж. Омархан, Д. Мұратхан, Т. Әнәпия, Ж. Сақаев домбырамен орындалған дәстүрлі әнмен қандырды.

Әнші Мөлдір Әуелбекова мен Нұрлан Албан домбыра аспабы мен заманауи әуенді қосып  «Айтарым бар»  әнін орындады. Сондай-ақ,  «Voxaccapella» тобы қазақ әндерінен ән-шашу шашты.

Өнерсүйер қауым ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдоллаұлы, Гаухар Қаспақова, Толқын Забирова, «Меzzо» тобы, Динара Сұлтан, ҚР Халық артисі Нағима Есқалиева, Батыржан Тазабеков, Айжан Нұрмағамбетова, Роза Рымбаева сынды әртістердің өнерін тамашалады.

Ән мен күйден бөлек кеш барысында классикалық гитаристердің «Өмір жасасын» композициясы орындалды.

Өнер Академиясының бишілер тобы К. Дженкинстің «Өмір қуаты» композициясына биледі.

Айта кету керек, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы (бұрынғы аты Алматы театр және кино институты) - театр және кино мамандарын даярлайтын мемлекеттік жоғары оқу орны.
null  null null

 

Соңғы жаңалықтар