Темекінің танымал маркаларын шығарып келген астыртын фабрика әшкере болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Экономикалық тергеу қызметі темекінің танымал маркаларын шығарып келген астыртын фабрика жұмысын әшкере қылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Комитет таратқан ақпаратқа сәйкес, Экономикалық тергеу қызметі Орталық аппаратының қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын  жүргізу барысында Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Ақсукент ауылының аумағында темекінің танымал маркаларын шығарып келген астыртын фабриканы тапты. Астыртын фабриканы ұйымдастырған қылмыстық топ өз қызметін қолдан жасалған акциздік маркаларды қолдана отырып, ұзақ уақыт бойы жүзеге асырып келгендігі анықталды.

«Фабрикада 800 мыңнан астам қолдан жасалған акциздік маркалар, 20 тоннаға жуық темекі және темекі өнімдерін өндіруге қажетті құрамдас материалдар (темекі сүзгілері, темекінің жыртылатын ленталарының орамдары, темекі қағаздары, темекі фольгаларының орамдары, темекі желімдері және т.б.)  табылды. Сондай-ақ Шымкент және Тараз қалаларының қойма үй-жайларында және сауда базарларында қолдан жасалған акциздік маркалары бар темекінің 110 мыңнан астам қорабы анықталып, тәркіленді», - делінген хабарламада.

Аталған факті сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Тергеу амалдары  жүргізіліп жатыр. 

Соңғы жаңалықтар