Темекі тұқылын тастаған қытайлықтан пара алған полицей сотталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі әуежайда тәртіпті бақылайтын капитан Айдос Игимбетов 150 мың теңге пара алған. Ол қытайлық азаматтың темекі тартып, тұқылын лақтырып жібергенін көре тұра, әкімшілік іс қозғамаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі №2 қалалық сотында бүгін полиция қызметкеріне үкім шықты. Әріптестері Айдос Игимбетовті қолдауға келгенімен, іс дәлелін тапты. Өткен жылдың желтоқсан айында Ақтөбе халықаралық әуежайындағы тәртіпті бақылауға бекітілген полиция капитаны Айдос Игимбетов Алматыдан келіп, әуежай алдында темекі тартып, кейін тұқылын лақырып жіберген қытайлық азаматты ұстады. Әкімшілік іс қозғауы тиіс полиция қызметкері бәріне көз жұмып, олардан 150 мың теңге талап еткен. Алқашқы күні сұраған ақшасының 50 мың теңгесін алған. Кейін қытайлық азаматтың өкілі тағы 50 мың теңге жеткізіп берген. Осыдан соң Көліктегі ІІД Ақтөбе станциясындағы Ішкі істер желілік басқармасы, қауіпсіздік қызметінің электронды поштасына арыз түсірген. Көлік прокуратурасының прокуроры Бауыржан Қоржымбаевтың айтуынша, қытайлық азаматтың өкілінен соңғы 50 мың теңгені алған кезде полиция қызметкері қолға түсті.

Судья Гүлнар Тлепова полиция қызметкері Айдос Игимбетовті 7 жылға бас бостандығынан, капитан шенінен айыруға үкім шығарды. Сонымен қатар, бұған дейін кепілмен жүрген сотталушы сот залынан қамауға алынды. Әрі қытайлық азаматтың өкілінен алған 150 мың теңгені кері қайтарады. 32 жастағы полиция қызметкерінің жеке мүлкі тәркіленеді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. 

Соңғы жаңалықтар