Телекөру рейтингін өлшеудің баламалық жолдарын қарастыру керек - Ерлан Қарин

None
None
АСТАНА. КАЗИНФОРМ - «Qazaqstan» телеарнасы мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуде өзге БАҚ-қа үлгі болады. Бұл туралы бүгін ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі жанындағы қоғамдық кеңес отырысында «Qazaqstan» телерадиокорпорациясы басқармасының төрағасы Ерлан Қарин білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Qazaqstan» телерадиокорпорациясы телерадиоаудиторияның сұранысына, талаптарына сәйкес өз медиактивтерінде мемлекеттік тілдің қолдану аясының кеңейту  саясатын жүргізуде. Біз басқа да БАҚ өкілдеріне осы бағыт бойынша үлгі бола аламыз деген ойдамыз. БАҚ саласындағы мемлекеттік тілдің дамуына ықпал ететін тағы бір фактор - зерттеуші компаниялардың өлшеулерінің сапасында. Алайда олардың жүргізетін өлшеу-зерттеулері көрермендердің теледидар көру рейтингін объективті жеткізбейді.  Мысалы «TNS Central Asia» компаниясы тұрғындары 100 мыңнан асатын қалалар бойынша, зерттеуді тек 2200 тіркелген абоненттермен жүргізген. Олардың айтуынша, сұралған респонденттердің 58 пайызы қазақ тілді. Алайда ол респонденттердің Астана және Алматы қалаларында, басқа да орталықтандырылған ірі қалаларда орналасқандықтарын ескеру қажет. Ал қазақ тілді аудиторияның басым бөлігі ірі қалаларда емес, қала шетінде, ауылды елді мекендерде тұрады. Сондықтан, олардың талғамдары ескерілмей қалады», - деді Ерлан Қарин.

Сол себепті ол  компания ұсынған өлшемдер нақты жағдайды ескермейтіндігін баса айтты. Мысалы, жоғарыда айтылған компания өткен аптаның үш күнінде (сәрсенбі, бейсенбі, жұма) 60 пайыз көрсеткішті тек «1-арна» мен «КТК» телеарналарының үлесіне берген.

«Сондықтан, телекөрудің өлшемдерінің сапасын жоғарылату үшін, рейтингті өлшеудің басқа да баламалық жолдарын қолдану керек. Бағдарламалардың танымалдылығы жайындағы ақпаратты білу үшін баламалы зерттеу жолдарын қолданысқа енгізу қажет. Мысалы, сауалнама, блиц-интервью, әлеуметтік зерттеулер, фокус группалардың зерттеулерін, онлайн режімдегі интерактив сияқты жолдарды сапалы әрі нақты, шынайы нәтиже үшін қолдану керек. Медиаөлшемдердің баламалы жүйесін қолдану, бізге жаңа бағдарламалар ашу, бағдарламалардың құрылымы, құрамы, эфирлік сетканың құрастырылуы жөнінде дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. Одан бөлек, объективті статистиканы құру үшін, құзыретті органдармен бірге өлшеу методологиясының жетілдіру жұмыстарын жүргізу керек. Бұл істі жүзеге асыру үшін, «TNS Central Asia»  компаниясымен, телеарналармен, статистика агенттігімен және басқа да мүдделі ұйымдармен жұмысты жүйелеу керек», - деді «Qazaqstan» телерадиокорпорациясының басшысы.

Соңғы жаңалықтар