Телеарналар жол қауіпсіздігі роликтерін тегін көрсетуі тиіс - Қасымов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Телеарналар жол қауіпсіздігі роликтерін тегін көрсетуі тиіс. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатында өтіп жатқан «Жол қозғалысы саласындағы құқықтық реттеудің жай-күйі мен проблемалары» тақырыбындағы парламенттік тыңдау барысында еліміздің Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Теледидардан көптеген жарнама беріледі. Ал жол қауіпсіздігін насихаттау мәселесі өз деңгейінде емес. Бұл бүкіл халқымызға керек мәселе ғой. Соған байланысты Үкімет тарапынан бұл мәселеге көзқарасты өзгертіп, жол қауіпсіздігін насихаттау мәселесіне көбірек көңіл бөлінсе», - деген сенатор Қуаныш Айтаханов министр Қасымовтан осы мәселеге қатысты пікір сұрады.

«Ресейде роликтерді ақшасыз барлық телеарналар алады. Біз роликтерді жасадық. Бірақ, 22 млн. теңгелік тендерді бір телеарна ғана алды да, қалғандары көрсетпей жатыр. Біздің ұсынысымыз - заң бойынша, ақшасыз көрсетсе дұрыс болар еді»,- деді министр.

Сенатор Қасымовтан жол ержесін бұзушыларға салынатын айыппұл көлеміне қатысты да сауал қойды.

«Қазір халықтың жағдай ауырлап кетті. Дағдарыс, басқа деп жатырмыз. Бірақ, айыппұлдың көлемін соңғы кездері көбейтіп жібердік. Осыған сіз қалай қарайсыз? Айыппұл көлемін көбейткен жақсы ма әлде оны халықтың жағдайын ескере отырып төмендету мақсатында қайта қарау керек пе?», - деп сұрады Айтаханов.

Өз кезегінде министр жол ережесіне қатысты 8 бап бойынша айыппұлдың көтерілгендігін айтты.

«Бірақ, жаңа кодекске сәйкес 7 күннің ішінде өзі келсе 60 пайызын ғана төлеуге болады. Мәселен, бұрынғы заңда жолдан ауытқығаны үшін 3 АЕК көлемінде айыппұл салынатын. Қазір 5 АЕК-ті құрайды. Бірақ, 7 күннің ішінде өз келіп төлесе ол 2,5 АЕК қана болады. Яғни, бұрынғы заңда көрсетілгеннен де төмен айыппұл төлейді. Сондықтан қазір қайта қараудың қажеті жоқ», - деді Қасымов.

Соңғы жаңалықтар