Текеліде туризм қарқынды дамып келеді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Текелі қаласындағы «Текесу» туристік кешен құрылысының жобасын жүзеге асыруға 159,6 млн. теңге тартылып, игерілді. Қазіргі кезде бұл аумақта 400 метрлік және 800 метрлік сырғанақ жолы, баллонмен, шанамен сырғанауға арналған жолы бар туристік базаның құрылысы аяқталды. Сонымен қатар мұнда қыс мезгілінде шаңғы және сноубордта сырғанау, жазда тау велосипедімен экстремалды сырғанау жолдарын төсеу жұмыстары бітті. Бұл туралы Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев халық алдында есеп беру жиынында айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Б. Өнербаевтың айтуынша, Текелі қаласының табиғи ландшафты мен климаттық ерекшелігі қала мен оның маңайында туризмді дамытуға зор мүмкіндік береді. Сондықтан туристік сала Алматы облысы басшылығының айрықша назарында. Қазіргі кезде облыс әкімі А. Баталовтың тапсырмасына сәйкес арнайы туристік карта әзірленіп, туристік базалар мен басқа да туристік нысандардың құрылысына инвестор тарту ісі жолға қойылды. Бұл бағыттағы жұмыс биылғы жылы да жалғастырылатын болады.

Текеліде, сонымен қатар балалар мен жасөспірімдер туризмі бойынша тау, спорттық және өлкетану бағытындағы туризм орталығы жұмыс істейді.

Б. Өнербаев туризмді дамыту спорттық саламен тығыз байланысты екенін де атап өтті. Мәселен, Текелі қаласында мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорттық мектебі жұмыс істеп, ондағы секцияларда 600-дей бала жаттығады. Бұл орайда қала әкімі 2016 жылы бірінші разрядтағы 18 спортшы, 11 спорт шеберлігіне кандидат дайындалғанын да тілге тиек етті.

Баяндамашылардың сөзінен кейін кездесу диалог түрінде жалғасты. Залға жиналған көпшілік өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойды. Атап айтқанда, тұрғындар тозығы жеткен инженерлік коммуникацияларды ауыстыру, мәдениет үйін ашу, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру, мектептерге күрделі жөндеу жүргізу және басқа да мәселелерді көтерді. Бұл сұрақтардың барлығына Текелі қаласының әкімі Б. Өнербаев пен Рудничный ауылының әкімі С. Вишняков жауап берді.

Соңғы жаңалықтар