Тегіңіз қазақшаланды ма? Не кедергі? - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарындағы өңірлік баспасөзге шолу ұсынады.

*   *   *  

«13 шақырым» және бүкіл ғұмыр - Дидар газеті

null 

Шығыс Қазақстан облыстық газетінде жарық көрген осы мақалаға арқау болған кейіпкер туралы деректі фильм де түсірілген екен. Зағип фермер туралы сол кинотуынды Екатеринбургтегі деректі фильмдер ашық байқауында қазылардың арнайы жүлдесімен, Бразилияда өткен халықаралық кино фестивалінде «Еңсеру» жүлдесімен марапатталыпты.

Тағдыр тауқыметі тұтас бір фильмге негіз болған кейіпкер Тарбағатай ауданына қарасты Жаңауыл ауылдық округінде тұрады. Қос жанары көрмейтін, бірақ солай бола тұра шұбыртып жылқы айдап, мыңғырған қой өрістеткен кәсіп иесі - Серік Боданбаев.

«Мен физикалық тұрғыда мықты болып өстім. Алайда бала кезден тауықсоқырлықтың зардабын тарттым. Уақыт өте күндізгі көру қабілетім әлсірей бастады. Ал 1994 жылдың қыркүйегінде су қараңғылықта қалдым. Әуелде, сыртқа шығудан жасқандым. Көлік қағып кетер, я әлдебір орға құлармын деген үрей болды. Сосын біртіндеп дүкенге, одан вокзалға да бара алатын болдым, - деп бастайды әңгімесін фермер».

Бақсақ, Серік Боданбаев тоқсаныншы жылдардың сергелдеңінде Өскеменде аз тентіремеген. Тентіреуден шәркейі тозса да, шыдамы шытынамапты. Әңгімесіне қарасақ, оның кәсіпке кірісіп кетуінің өзі қызық. Бірде ол табысы төмен азаматтарға қолдау көрсету аймақтық қорына жүгінеді. Істемек жоспарын айтып, қозы-лақ және тайынша-торпақ сатып алғысы келетінін жеткізеді. Алайда ондағылар «малды қалай бағасың, өзіңді бағатын адам керек қой» деп келісіңкіремеген. Әйтсе де зағип жанның еңбектенсем деген талабына тәнтілік үшін ғана несие беріп қайтарған екен. Міне, сүйткен Секең бүгінде әйелі және екі қызымен тұтас отбасы болып, 1 200 гектар жерге 80 бас сиыр, 20 жылқы, 900 қойды өрістетіп отыр.

null 

«Адамнан тілегеннің екі көзі шығады, Алладан тілегеннің екі бүйірі шығады» деуші еді. Рас екен! Серік өзі жайында «Жаратушы ием мені ақымақтарға күлкі, ақылы барларға үлгі етіп жаратты» деп мақалдайды. Меніңше, жанары қараңғы болса да, санасы жарық Серікті көрген жалғанның қандай бір жарты есті пақырына да ақыл қонар» деп жазады тілші.

 Айтпақшы Серіктің ата-анасының тағдыры да қызық. Әкесі 1941 жылы бауыры майданға аттанар алдында бағлан сойғаны үшін қамауға алынып сотталыпты. Ал шешесі Надежда Казакова - Беларусь елінің тумасы екен. Ол да сотталған. Бірде Надежда жұмыс істейтін Витебск аэродромынан бірде-бір ұшақ әуеге көтерілмей қалады.
Әлдекім жанармайға тұз сепкен көрінеді. Сол үшін аэродром басшылығы ату жазасына кесіліп, жұмысшылар түгел Красноярск өңіріне ағаш кесуге айдалады. Серіктің ата-анасы сол жерде танысып, табысқан. Мерзімдерін өтеп, бостандық алысымен, 1956 жылы шаңырақ көтерген.  

Қорасан атаның қасиеті - Сыр бойы газеті

null 

«Бар өмірі мен өнегелі тірлігі алты Алашқа мәлім, сонау Арабиядан Орта Азия, түркі, қазақ жерлеріне, соның ішінде Сыр бойына ислам діні мен мәдениетін алғаш әкелгендердің бірі - халықты имандылық парасатына тәрбиелеген Әбдіжалил баб еді. Халық аузындағы әңгімелерде ол Қорасан ата аталады» деп жазады Сыр бойы газеті.

Аңыз-әңгіме бойынша Қорасаннан қалың қолмен аттанған Әбдіжалил баб (Қорасан ата) Сырдарияның сол жағалауындағы Қызылқұм өңіріндегі «Тотықұс» аралына (қазіргі Жаңақорған ауданының аумағында) келіп табан тірейді. Осы жерді тұрақты мекен етеді. Мешіт-медресе салдырып, бала оқытады, емшілік істермен де айналысады.

«Аңыз әңгімелерге сүйенсек, бамдат намазын оқып тұрғанда Қорасан атаның тұла бойы қорғасындай еріп тұратын болған екен. Ислам дінін уағыздаумен қатар жүйке, қояншық, шешек ауруларын емдеп жазатын болыпты. Қорасан ата өзі өлсе де рухы өлмей мазар басына түнеп, перзент сұраған ерлі-зайыптыларға ұл сұраса ұл, қыз сұраса қыз берген. Бұл жөнінде қазақ халқының эпостық жырларының бірі - Қобыланды батыр жырында Қорасан атаның киесі туралы айтылады» деп жазады газет.

Қорасан аталуына себеп болған жәйт: шешек шыққан жанның үстінен аттаса, науқас көп ұзамай сауығып кететін көрінеді. Қорасан ата (Әбдіжалил баб) мен оның ұлы Хұсайын баба (Хұсайын Ғази) зираттары қазіргі Жаңақорған ауданының жерінде орналасқан. Қорасан атаның қасиетіне тәнті болған халық кесенесіне зиярат жасап, құран бағыштап, Алладан тілек тілейді.

Жамбыл облысында 14 мешіт имамсыз отыр - Ақ жол газеті

«Ақ жол» газетінің жазуынша, жақында басқосудың бірінде еліміздің дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы талқыланған. Сосын онда аудан әкімінің орынбасарларына, басқарма басшылары, діни бірлестіктердің өкілдері мен жастарға мемлекеттік саясат кеңінен түсіндірілген. Жиын барысында мынадай мәліметтер келтірілген екен: Облыста мемлекеттік тіркеуден өткен діни бірлестіктер мен филиалдар саны - 341. Оның ішінде 295 мешіт пен 45 шіркеу және 1 өкілдік бар. Облыстағы 295 мешіттің 14-інде имам жоқ. Ал, мешіт имамдарының біліктілік деңгейіне келер болсақ, облыстағы имамдардың 13,6 пайызы - жоғары білімді, 39,3 пайызы - орта білімді, қалған 47,1 пайызы - сауат ашу курстарын бітіргендер. Облыс аумағындағы діни бірлестіктерде қызмет атқару үшін 9 шетелдік азамат миссионер ретінде тіркеуден өткен. Олардың қызметі тұрақты бақылауда».

Тегіңіз қазақшаланды ма? - Жетісу газеті

null 

«Тегімізге темір шынжыр болып ілінген «ов», «ев» жұрнақтарынан арылу тәуелсіздік алғаннан кейін ғана көтеріліп отырған жоқ. Алашорданың біртуар азаматы Әлихан Бөкейхан сол заманның өзінде: «Қазақтың аты-жөнін орыс халқына еліктеп,  «ов, ев» деп жазу тоқтатылсын! Бұдан былай қазақ азаматтары өз тегін «ұлы», «қызы» - деп аяқтаса санамыздың ұлттың мүддесіне қарай өрістері хақ!» деп ұрандаған еді. Бұл үндеу қазірдің өзінде халықтың  құлағында жаңғырып тұрғандай. Себебі, біз толықтай болсын өз аты-жөнімізге тағылған қара таңбадан арыла алмадық» деп жазады «Жетісу» газеті.

Мақала авторының сөзінше, қазіргі таңда «ов»-тан құтылуға еш кедергі жоқ. Керісінше, осыған байланысты Ата Заңымыздың өзінде арнайы бап қарастырылып, рұқсат етілген. Яғни, әр азаматтың өз қалауына қарай ерік беріліп, таңдау құқығы да қолдарына ұстатылды. Мәселен, Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылдың 2 сәуіріндегі №2923 Жарлығының 1-тармағында: «Ұлты қазақ азаматтар өздерінің тегі мен әкесінің атының жазылуын қазақ тіліне тән емес аффиксті алып тастай отырып, өзгертуге хақылы, алайда тегі мен әкесінің атының түбірлік негізі сақталуы тиіс. Бұл ретте әкесінің атын жазған кезде азаматтың жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» сөздері қосылып, бірге жазылады», - делінген. Ал «Неке және отбасы туралы» Заңның 28-бабында: «Тууды тіркеу кезінде ұлты қазақ азаматтардың аттарын, әкелерінің аттарын және тектерін мына төмендегі үш мүшелік антропонимдік белгілеу жүйесі: аты, әкесінің аты, тегі бойынша дұрыс жазуға және айтуға назар аудару керек. Мұнымен қатар азаматтардың қалауы бойынша қазақтардың тектері мен әкелерінің аттарын жазу кезінде қазақ тіліне жат - ов, - ев, - ова, - ева, - ин, - и, - ины, - на, - овна, - евна, - ович, -евич жұрнақтары алынып тасталып, олардың орнына «ұлы, қызы» жалғаулары бірге қосылып жазылады», - делінген. Осылайша, мемлекет тегіміздің қазақшалануы үшін барлық жағдайды жасап берген. Алада тегін орысшадан арашаламай жүргендер әлі де басым. Бұған не себеп? «Оның үш себебі бар. Біріншіден,  жетпіс жыл бойы   тегімізді түбегейлі құртуды көксеген Кеңес одағының солақай саясатының салқыны әлі де санамызда қалып қоюы болса, екінші жағынан қазақтарға «ұлы, қызы» жалғауларын қолдануды міндеттейтін заңның қарастырылмауы. Ал үшінші кедергі - Қазақстандағы қағазбастылық. Әр адамның басында кемінде онға жуық, кей жағдайларда одан да  көп құжаттар бар. Тегін ауыстырған тұлға осыларды түгелдей қайта рәсімдеу  қажет. Ол үшін мол уақыт пен біраз қаражат жұмсауға міндеттелеміз. Ал бұл қажеттіліктерге келгенде көбінің  қолы қысқа. Сондықтан,  аты-жөнін қазақшаландыру үрдісін қолдайтын нақты  бір заң бекіткен абзал» деп түйіндейді мақала авторы.  

Тоқ етері мақала авторы азаматтардың тегін жазуды бір жүйеге келтіру керек деп санайды. «Бұл тақырыпты қозғап отыруымыздың да өзіндік себебі бар. Ата Заңымызда аталмыш проблеманың шешімін тауып беретін бап қарастырылса деген ниетпен жазудамыз. Ең болмағанда «ауыстыруға құқылы» дегеннің орнына «міндетті» дейтін бір сөз енгізілсе. Аты-жөніміздің ана тілімізде жазылмауы өзіміздің атақ-абыройымызға сын екендігі ақиқат. Тегіңізді қазақшаландыруға сіздер қалай қарайсыздар, зерделі оқырман?» деп аяқталыпты мақала.

Ақтөбе облысында 33 адам ВИЧ жұқтырған - Ақтөбе газеті

«Ақтөбе» газетінің жазуынша, биыл облыста 33 адам АИТВ (адам иммун тапшылығы вирусы) жұқтырған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға көп екен. Бұл ретте облыстық СПИД орталығы СПИД-ке қарсы «Денсаулыққа құқылы» тақырыбында науқан ашқан.  Оның аясында барлық медициналық мекемелерде азаматтардың жұқпаға тексерілуі үшін ашық есік күні өтіп жатыр. «Облыста АИТВ жұқтырған 415 адам тіркеуде тұрса, оның 326-сы ел азаматтары. Биыл он бір айда 133 мың тексеру жүргізілсе, оның ішінде АИТВ жұқтырған 33 ақтөбелік анықталыпты. Олардың 88 пайызы вирусты жыныстық қатынас арқылы жұқтырған. Ақтөбеде алғашқы СПИД жұқтырған адам тіркелген уақыттан бастап осы кезеңге дейін 20 адам аурудан көз жұмған».

Сондай-ақ көпшілік арасында бұндай ауру жезөкшелер, есірткі қолданушылар, гомосексуалистер арасында ғана кездеседі деген түсінік қалыптасқан. Бірақ қазіргі таңда АИТВ-ға кез келген адам шалдығып жатыр.

«Қалмаққырылған» құпиясы немесе Сарыарқаның тағдыры шешілген жер - «Сарыарқа самалы» газеті

null 

Павлодар облыстық газеті «Қалмаққырылған» тауының қазақ тарихындағы орнына назар аударады. Ата кетерлігі, жергілікті жұртшылық осы өңірді «Қазақстанның киелі жерлері географиясының» республикалық тізіміне енгізуді ұсынған екен. Ал бұл орын несімен құнды, несімен тарихи.

«Бұл - сонау 18-ғасырда қазақ жерінің бостандығы жолындағы бабалар күресінің куәсі болған мекен. Жасыбай, Олжабай, Малайсары, Баян, Едіге, Сәтен, Шоқпар сынды қазақ батырлары қалмақ қолын ойсырата жеңіп, қазақ даласын жоңғар басқыншылығынан құтқарғанда шешуші шайқастардың бірі өткен жер» деп жазады «Сарыарқа самалы» газеті.

Айта кетерлігі, Қазақстанда қалмақпен соғысқа қатысты осылайша аталып кеткен бірнеше жер атауы бар. Мәселен, Қарағанды облысы Ұлытау ауданында «Қалмаққырылған» деп аталатын өзен бары белгілі. Тарихи деректерге сүйенсек, 1723 жылы осы өзеннің бойында болған қазақ-қалмақ шайқасында қазақ сарбаздары жеңіске жеткен екен. Міне, осыдан кейін бұрын Белеуітті деп аталған өзен сол жеңістің құрметіне «Қалмаққырылған» болып өзгертілген. Сонымен қатар, Ақтөбе облысы Темір ауданына қарасты бір ауыл дәл осылай аталады. Мұның да сол жаугершілік заманда қазақ-қалмақ арасындағы текетіреске байланысты қойылғаны даусыз.

Ал Павлодар облысы Май ауданына қарасты Ақшиман ауылының оңтүстік жағын алып жатқан «Қалмаққырылған» тауының бұлай аталу тарихы қандай? «18-ғасырдың 40-шы жылдары қалмақ қолы Баянауылды қоныстанған қазақтарға Ертіс жағынан шабуылдап, басып алмақшы болады. Бірінші болып Жасыбай батыр бастаған қазақ жасақтары жауға соққы берді. Ауыр шығынға ұшыраған жоңғарлар Сабындыкөлде ес жиып, қарсыласады. Шайқастың бірінде Жасыбай батыр жасырынып келген жоңғар мергенінің садақ оғынан көз жұмады. Десе де, қатары селдіреп қалған жау жазық далаға қарай қашып, Серектасқа (қазіргі «Қалмаққырылған») келіп бекінеді. Жасыбай батырдың кегін алмақ болған Олжабай қалың қолмен қуып келіп, осы жерде қалмақтарды түгелдей қырған екен. Содан ел аузында бұл алапат шайқас алаңы «Қалмаққырылған» деп аталып кеткен».

Тоқтала кететін жат, Ақшиман тұрғындары «Қалмаққырылған» тауын «Қазақстанның киелі жерлері географиясының» тізіміне енгізуді армандайды екен. Айтуларынша, өңірдегі бұл орын тарихқа толы, зерттеуге мұқтаждық та сезіледі. Сосын мұны ауылдың әлеуметтік ахуалына оң әсері болады деп күтеді. Тағы бір айтарлығы, бұл өңір тек тарихи ғана емес, табиғаттың таңғажайып орындарымен де ерекшеленеді екен. «Қалмаққырылған» тауының күнгей жағындағы Әулие үңгірді көрген жанның таңданбауы мүмкін емес. Үңгір аузының көлемі адам бойынан биік, ішке еңкеймей-ақ кіруге болады. Бірақ ары жүрген сайын кішірейе береді. Ауыл тұрғыны Мұрат Әлібаевтың сөзінше, бұрын үңгір таудың күнгейінен кіріп, теріскей бетінен бір-ақ шығатын дәліз секілді болған. Алайда кейінгі жылдары ортасына тас құлап, бітеліп қалған екен. Әулие үңгірге Қазақ Ғылым Академиясының Тұңғыш Президенті Қаныш Сәтбаев 1920 жылы келіп, тастың бетіне «Қаныш. 1920» деп қолмен қашап жазып кеткен. Өкінішке қарай, оның үстіне әлдебіреулер бояу жағып, бүлдіріп тастапты. Жергілікті жұрттың кейбірі соған орай үңгірді «Қаныш үңгірі» деп атап жүр».

Бұдан бөлек, «Қалмаққырылған» тауының арасынан ертеден қалған ескі зираттарды және обаларды көптеп кездестіруге болады. Бірақ мұндай ерекше тас үйінділері қай дәуірге тиесілі екенін әлі ешкім дөп басып айта алмайды.

Барлық ауыртпалыққа шыдаған ана жүрегі қызының тауқыметiн көтере алмады - «Оңтүстік Қазақстан» газеті

Мақала 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының бiр отбасына тигізген залал-зардабы туралы екен. Автор былай деп жазады: «Анамыз Гүлжан Алтаева әкемiз 1941 жылы соғысқа кеткен соң күндiз-түнi колхоздың жұмысынан көз ашпай, екi жетiмегiн асыраймын деп еңбек еттi. Бiз өстiк, жетiлдiк. Анамыздың арқасында жоғары бiлiм алдық. Алайда, соғыс жылдарында қаншама ауыртпалық болса да шыдаған жүрек Желтоқсан оқиғасында сыр бердi». Мақала авторының жазуынша, Гүлмира Керiмбекова оқып жүрген жерiнде төрт қыз болып бiрiгiп, Мәскеудiң шешiмiне қарсы шығады. Содан оларға «Шырмауық» деген қара таңба таңылып, қуғындауға түседi. «Әскерилер үйге басып кiрiп, сiңлiмдi шашынан сүйреп алып шыққан сәттi анам көрiп, жүрек талмасына ұшырайды. Анамның бұл кеселi отбасымызға үлкен қайғы әкелдi. Жыл сайын жұрт «желтоқсан» деп шулап жатқанда бiз төсек тартып тiлсiз жатқан анамыздың басында отырамыз. Осы аурумен 4 жыл айқастық. Әскерилердiң сiңлiмдi соққыға жыққаны ана жүрегiне ауыр дерт әкелiптi. Дәрiгерлер содан қатты шошынған дейдi. Анамыз осы дерттен 1991 жылы көз жұмды» деп жазады мақала авторы.

Соңғы жаңалықтар