Таза алтыннан жасалған зергерлік бұйымды жасанды алтыннан қалай айыруға болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Таза алтыннан жасалған зергерлік бұйымды  жасанды алтыннан қалай айыруға болады. Оның құпиясымен ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ бағалы металдармен жұмысты үлестіру бөлімінің бастығы Ербол Сейсенбаев бөлісті.

Оның айтуынша, ең бірінші кезекте тауардың сертификатталғандығы туралы таңбаның болуына назар салған жөн. Егер мұндай таңба бар болса, онда ол тауардың қажетті тексеруден өткендігін білдіреді.

«Базарда зергерлік бұйым өте көп. Бірақ, жылтырағанның барлығы алтын емес. Зергерлік бұйым сатып алған кезде оның сапасы мен сынамасы жайында ойлай бермейміз. Егер тауар арзан болса, онда оның өзі күдік тудыруы тиіс. Тауарда 585 сынамасы тұрса, онда бұл аталған бұйымның 58,5 пайызы таза алтын, ал қалғанының барлығы қоспа екендігін білдіреді», -  деді Сейсенбаев.

Бірақ, сарапшы сынаманы қолдан басып қою ықтималдығы да жоғары екендігін баса айтты.

«Кез келген сатып алушы үлкейткіш әйнек сұрап алып, таңбасын қарай алады. Біздің таңбамыз латын әріптерімен kz деп белгіленіп, сынамасы санмен айқын көрініп тұруы тиіс. Мұнан бөлек, өкілетті органды білдіретін алты қырлы белгі мен барыстың бейнесі болуы қажет», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда тауар ЕАЭО-ға кірмейтін елдерден әкелінетін болса, онда  кеденде мемлекеттік инспектор беретін мемлекеттік акті болуы керек.

«Бұл тауар бізде тексеріліп, қорытынды беріледі. Оған дейін сатылымға шығарылмайды. Кәсіпкер мемлекеттік акті алғаннан кейін кеден қызметіне барып, баж салығын төлейді. Содан кейін ғана тауар сатылымға шығарылады. Егер сатушыда не мемлекеттік акті, не салық төлегендігін дәлелдейтін құжат болмаса, онда тауар заңсыз әкелінген деген сөз», - деді Ербол Сейсенбаев.

Сонымен қатар сарапшы бағалы тастар (бриллиант, рубин) да табиғи және жасанды болатындығын атап өтті.

«Жаңа заңға егер тас жасанды болса, онда биркада көрсетілуі тиістігі туралы жеке тармақ бар. Бұған дейін мұндай болмаған еді. Мәселен, жасанды және табиғи рубин тасы бар бірдей сақиналардың бағасында айтарлықтай айырмашылық бар», - деп түсіндірді ол.

Соңғы жаңалықтар