Таяу Шығыс пен Орталық Азияда тұщы су төңірегіндегі шиеленіс ушығуы ықтимал - Назарбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Таяу Шығыс пен Орталық Азияда тұщы су төңірегіндегі шиеленіс ушығуы ықтимал. Бұл туралы бүгін Астана клубының үшінші отырысында сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Адамдардың өмірін қамтамасыз ететін ресурстардың шектеулігі проблемасы да лайықты назарға алынып отырған жоқ. Ең алдымен, бұл тұщы судың жетіспеушілігіне қатысты. Ол үшін күрес мемлекетаралық қарама-қайшылықтың көзіне айналуда. Су ресурстарының тапшылығы Пәкістан мен Үндістанның арасындағы қарым-қатынасты ушықтырды. Білетініміздей, өткен жылдың күзінде Үндістан 1960 жылдан жұмыс істеп келе жатқан Инд өзені жөніндегі екіжақты комиссияның жұмысын тоқтататындығын мәлімдеді. Таяу Шығыс пен Орталық Азияда да ушығу ықтималдығы жоғары», - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Жер шарындағы халық санының артуына байланысты әлемнің жекелеген өңірлерінде азық-түлік дағдарысы орын алуы мүмкін екендігін де ескертіп өтті. Егістік алқаптарының қысқарып, топырақтың құнарлылығы төмендеп бара жатқанын да еске салды.

«Сарапшылардың есептеуінше, таяу 40 жылдың ішінде астықтың егістік алқаптарын кемінде 2 есеге ұлғайту қажет болады. Бұл ретте еуразиялық елдердегі, оның ішінде ауыл шаруашылығы тауарларын ірі өндіруші ретінде Қазақстандағы ауыл шаруашылығын интенсификациялау да маңызды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар