Тауық жылы ел экономикасы еңсесін тіктеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тағы бір жыл тарих қойнауына сырғып барады. Жалпы, кейбір тарихи деректерге қарағанда тауық жылы қазақ халқы үшін өте ауыр болғанын байқау қиын емес. Алайда, тәуелсіз ел болып, әлем картасынан орын алғанына ширек ғасырдан астам уақыт енді ғана болған қазақ елі үшін бұл жолғы тауық жылы жайлы болды десек артық айтқандық емес.

Мәселен осы жылы Қазақстан төрткүл дүниеге сауын айтып, 100-ден астам елдің басын елордамыздың төрінде қосып, үш ай бойы ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесін өз деңгейінде өткізді. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде қызметіне кірісті. Шанхай ынтымақтастық ұйымының, Ислам ынтымақтастық ұйымының саммиттерін ұйымдастырды. Алатаудың бөктерінде 28-ші Бүкіләлемдік Универсиада ойындарын дүбірлетіп өткізді. Таяу Шығыс елдерін сарсаңға салған Сириядағы соғысты доғарту ісіне де белсене араласты. 8 мәрте кепілгер елдермен Сирияның үкіметтік және оппозициялық өкілдерінің басын Астана процесі аясында қосып, сол елдегі соғысты тоқтатты.

Әлемді шарпыған экономикалық дағдарыстан кейінгі екінші жылда да еліміздің жалпы ішкі өнімінде ілгерілеушілік бар. Экономиканың 60 пайызын құрайтын ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және байланыс сияқты негізгі салалар бойынша шығарылым индекстерінің өзгеруіне негізделген  2017 жылдың қаңтар-қараша айларындағы жалпы ішкі өніміміз 5,1 пайызды құрады. Есте болса, 2016 жыл жаңа сыртқы және ішкі жағдайларға бейімделу тұрғысынан экономика үшін күрделі болды. Энергия ресурстарына бағаның құбылуы жоғары болып, тұтынушылық деңгейінің төмендеуі салдарынан экономикалық белсенділік баяулады. Алайда сол жылдың басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қабылданған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы мен Дағдарысқа қарсы жоспар аясындағы шаралардың арқасында екінші жартыжылдықтан бастап өсу қайта жанданды. 2016 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсуі бір пайызды құраған болса, биыл 4 пайыз болмақ.

Жалпы, биылғы жыл Қазақстанның экономикасы үшін біршама жақсы болды. Экспортқа шығаратын тауарларымыздың әлемдік нарықтағы бағасы біршама көтерілді. Нәтижесінде 2017 жылғы қаңтар-қарашада негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 7471,1 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,7 пайызға асып түсті. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағаларда 20320,9 млрд теңгеге жетіп, 7,3 пайыз өсім көрсетті. Кен өндіру өнеркәсібінде және каръерлерді қазуда өндіріс көлемі 9,6, өңдеу өнеркәсібінде - 5,2, электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптауда - 5 пайызға артты.

Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 3880,3 млрд теңгені құрап, 2,3 пайызға өсті. Байланыс саласы бойынша нақты көлем индексі 103,2, сауда саласы бойынша 102,8 пайызды құрады. 2017 жылғы қаңтар-қарашада бөлшек сауда көлемі 7770,5 млрд теңге немесе 2016 жылғы тиісті кезең деңгейімен салыстырғанда 106,1 пайыз болды. Көтерме сауда көлемі 17076,9 млрд теңгеге жетіп, 101,2 пайызға артты. Еліміздің сыртқы сауда айналымы 62107,2 млн АҚШ долларын құрап, 25,6 пайызға артты. Оның ішінде экспорт - 38488,9 млн АҚШ доллары, импорт - 23618,3 млн АҚШ доллары болды.

Жан басына шаққандағы ЖІӨ - 8,7 мың доллар

Қазақстан экономикасының өсім көрсетуіне индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында қосылған кәсіпорындар да септігін тигізуде. Бағдарлама қолға алынған 7 жылдың ішінде өнім шығара бастаған нысандар осы аралықта ел экономикасына бірнеше трлн теңге үлес қосты. 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. 26 млрд доллардан астам тікелей шетел инвестициясы тартылды. Тек 2017 жылдың басынан бері ғана  1,9 триллион теңгелік 127 жоба іске қосылып, 10 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Айта кетерлігі, бағдарлама аясында қосылған кәсіпорындардың 72-сі жеткіліксіз күшпен жұмыс істеп, тоқтап қалған еді. Сондықтан ақпан айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жалпы құны 150 миллиард теңгені құрайтын  аталған жобалардың кемінде жартысының жұмысын жолға қоюды тапсырған-ды. ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек бұл тапсырманың орындалатындығын айтып уәде де берген-ді. Бүгінде министр уәде үдесінен шықты деп айтуға болады. Кәсіпорындардың 50 пайыздан астамы тұрақты жұмыс істей бастады.

Бүгінде отандық өңдеуші өнеркәсіптің өнімі 115 елге экспортталуда. Кейбір тауарлық позициялар бойынша жаңа өткізу нарықтары ашылды. Мәселен, биыл алғаш рет Lada Niva жеңіл автомобильдері Қытай, JAC көліктері Тәжікстан нарығына жөнелтілді. Ауыл шаруашылығы машина жасау өнімдері Ресей нарығына экспортталуда. Нәтижесінде ағымдағы жылдың қорытындысында жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 8,7 мың  АҚШ долларына дейін артпақ.

Мұнай өндіру артты

Еліміздің экономикасының өзегін мұнай-газ саласы құрайтындығы айтпаса да түсінікті. Абырой болғанда биыл қара алтынның бағасы өткен жылғыдай барреліне 40 доллардан да төмен құлдыраған емес. Тіпті қазір соңғы 2,5 жылдың ішінде алғаш рет мұнай бағасы 66 долларға жетіп отыр. Айта кетерлігі, әлемдік сарапшылар мұндай оң серпінді АҚШ-тың шикізат қорының төмендеуі мен британдық Forties құбырының жабылуымен қатар ОПЕК пен аталған картелге кірмейтін 11 елдің мұнай өндіру көлемін қысқарту келісімімен де байланыстыруда. Есте болса, 2016 жылдың соңында әлемдік мұнай нарығын теңдестіру үшін бір тәулікте өндірілетін қара алтын көлемін 1,8 млн баррельге дейін қысқарту келісімі қабылданған болатын. Бүгінде аталған келісімнің 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін күшінде болатындығы белгілі.

Қазақстан да аталған келісімге қосылған. Дегенмен елімізде мұнай өндіру көлемі арта түсуде. Мәселен, жылдық жоспарымыз 83 млн тонна болса, осы айдың басында ғана 84,5 млн тонна қара алтын өндірдік. Жылдың соңына дейін тағы да 1,5 млн тонна мұнай өндіруге мүмкіндік бар. Бұл ретте салаға Қашағанның қосқан үлесін айрықша атап өткен жөн. Аталған кен орнынан биылғы 11 айда 7,3 млн тонна мұнай өндірілді. Бұл бастапқы жылдық жоспардан (5 млн тонна) 46 пайызға артық. Биыл 9 айда  шетелге 50,7 миллион тонна шикі мұнай мен шикі мұнай өнімдері сатылды.

Жалпы, бүгінде мұнайлы елдердің басым бөлігі соңғы жылдардағы қара алтын бағасының құбылмалығына байланысты өз экономикаларын әртараптандыруға бет алғаны белгілі. Мәселен, осы жылдың қараша айында Норвегияның мемлекеттік зейнетақы қоры мұнай мен газ секторындағы активтерден 35 млрд доллар қаражатын шығарып алуды жоспарлап отырғандығын жария еткен болатын. Ал Сауд Арабиясы экономикасын мұнайға тәуелдіктен арылту үшін құны 500 млрд доллар болатын Неом деп аталатын футуристік қала салып, өңірдегі туризм саласында көш бастауға ниетті екендігін білдіріп отыр. Тіпті Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхамед бен Салман аталған қаланың жобасын да таныстырған еді.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатының басты мақсаты да - экономиканы әртараптандыру. Бұл бағытта нақты жұмыстар да атқарылуда. Соңғы бірнеше жылдың ішінде өнімі экспортқа бағдарланған жаңа кәсіпорындар құрылып, сыртқы нарыққа жөнелтілетін тауарлар тізілімі де ұлғая түсуде.

Соңғы жаңалықтар