Тәуелсіздік шежіресі: 1998 жыл - Тарихи танымға ерекше мән берілген жыл

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елдің экономикасы көтерем кетіп, жұмыссыздықтан бастап тұрақсыздыққа дейін үлкен қауіп төнген еді. Қаржы саясаты да тығырыққа тіреліп,кейін төл теңгеміз айналымға енгеннен кейін ғана құлдырау ауыздықтала бастады. Теңгеден кейінгі кезеңде Қазақстанның кен байлығы барланып, өз тізгініміз өз қолымызға тие бастады. Бұл кезеңді Елбасы өзінің бір сөзінде «отты өшіру кезеңі» деп бағалаған еді. Осылайша, құлдырау мен күйзеліс ауыздықталғаннан бастап халықтың рухани дүниелеріне кеңінен көңіл бөліне бастады. Мәселен, 1997 жылды Елбасы «Қоғамдық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» жылы деп жарияласа, 1998 жыл - «Халық бірлігі мен ұлттық тарих» жылы, ал 1999 жыл - «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы» жылдары деп аталып өтілді.

Соның ішінде 1998 жыл - «Халық тұтастығы мен ұлттық тарих жылы» ретінде аталып, тәуелсіз жаңғырудың, еркін ел болудың осы жылдарында ҚР Президенті Н. Назарбаев өз жарлығымен тарихи танымға айрықша мән беру қажеттігіне пәрмен бергендей еді.

null  

Баспасөзде жарияланған бір сұхбатында белгілі жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаев аталған «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп жарияланудың маңыз-мақсатын былай деп түсіндіреді: «Оның мақсаты - қазақ мемлекеттілігіміздің тарихи төркіндеріне, оның басынан өткен қилы кезеңдердің объективті және субъективті себептеріне, сол арқылы бүгінгі егемендігіміз бен тәуелсіздігіміздің тарихи-құқтық негізділігіне әлеуметтің көзін жеткізу еді. Бұл да түсіністікпен қабылданып, қолдау тапты. Аталмыш екі жыл да - теуелсіздіктің нығайып, реформаны өрге бастырудың бірден-бір кепілі - қоғамдық, келісім мен халық бірлігі екендігін дәлелдеді. Жаңа экономикалық қарым-қатынастардың орнығуы кезінде орын алмай қоймайтын әлеуметтік қиындықтар түсында ұлттық тұтастықты сақтау ұрпақтардың езара ықпалдастығын тиімді үйлестірудің атқарар маңызы зор. Осы тұрғыдан үстіміздегі жыл «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы» жылы деп аталды. Елбасының бұл үш бастамасының дүниеге келу себебі мен кездеген мақсаттары осындай».

Ал Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев аталмыш жылдың жариялануы маңыздылығына тоқтала келе, осы жылы да тұғырдан тайса да санадан әлі ысырыла қоймаған тоталитаризм идеологиясын әшкерелеуді жалғастыра түсетіндігімізді алға тартқан болатын.  «Тоталитаризмге халықтың тұтастығының қажеті жоқ. Ол ұлт мәселесін қолдан қиындатып, халықтардың бір-біріне сенімсіздігін, күдікшілдігін арттыруға мүдделі. Халықтың бір тобын бір тобына, бір табын бір табына айдап салуға мүдделі. Өйткені, үрейге бой алдырған ондай қоғамды билеу жеңілге түседі. Тоталитаризмге ұлттық тарихтың да қажеті жоқ. Ол ұлттың тарихи жадын жойып, мәңгүрттік психологияны орнықтыруға мүдделі. Өйткені, өткенін білмейтін халықтың өзіне сенімі болмайды. Ал өзіне сенімі аз халықты айтқанға көндіру, айдағанға жүргізу жеңілге түседі. Тоталитарлық қоғам атаулының аңсайтыны да сол. Біз өз тарихымызды өзгелер тұрмақ, өзімізге де толық таныта алмай келе жатқан халықпыз. Зерттемесек, жазбасақ, жарияламасақ кім, не деп таниды? Қалай мойындайды? Алаңдайтын ештеңе жоқ. Жазыңыздар. Жариялаңыздар. Шын жақсы болса, шетел тілдеріне, әсіресе, ағылшын тіліне аудартуды да ойластырамыз. Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ», - деп атап өтті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1998 жылдың 17 наурызында Республикамыздың өнер, мәдениет және ғылым саласындағы шығармашылық зиялы қауымының танымал өкілдерімен кездесу барысында.

Расында да, сол рухани арпалыс кезеңдердің өзінде тындырылған істердің өзі бір төбе. Әсіресе, тарих танымына қатысты қыруар шаралар атқарылды.  Арғы-бергі тарихи тұлғалар қайта жаңғырып, оларды ұлықтау жүзеге асты. Ұлттық тарихқа қатысты ізденістер өрістеліп, археологиялық, археографиялық, этнологиялық экспедициялар ұйымдастырылып, ғылым академиясының сессиясы, көптеген ғылыми-практикалық конференциялар өткізілді. Халықтың тарихи санасын тереңдетуге, жаңаша қалыптастыруға жағдайлар жасалып, мәдени ізденістерге кең жол ашылды.  «Қазақстан тарихы: зерттеулер, құжаттар», «Қазақстан тарихы: әдеби хроника», «Қазақстан этностары» сериясымен кітаптар шығару, 6 томдық «Қазақстан ұлттық энциклопедиясының» томдары  бойынша тұтас кітапханалар жарық көрді. Шығыс тарихы, түркі халықтары мен қазақ халқының өткені туралы арғы-бергі білімпаздардың іргелі еңбектерін мүмкіндігімізше қалдырмай басып шығаруға күш салынды.

Шындығында, 1990 жылдардың соңына таман, кеңестік идеологияның ықпалынан аса ажырай қоймаған тұста бір жағынан экономикалық күйзеліс жағадан алып, елдің өзекті танымына ұмтылысына көп кедергі келтіргені анық еді.  Оның үстіне экономикалық тәуелсіздіктің таңы атпайынша, елдің саяси салмағы да айқын болмайтыны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда Президенттің «Қазақстан-2030» стратегиясы елдің ұзақ мерзімді экономикалық мақсаттарын нақтылап қана қоймай, оған тұтас қоғамды жұмылдыра түсудің маңыздылығын арттырды. Бұл ретте  Тәуелсіздігімізге жетінші жылдың жетістігі де жаңа мемлекет үшін ауыз толтырып айтарлықтай болатын.  Ел іргесі бүтінделді, халықаралық қатынасымыз дамып, шет мемлекеттермен байланыс күшейді. Экономикалық серпіліске жан бітіп, рухани жаңғыруға да жол ашылды.

null  

1998 жылы Бас қаламызға айналған Ақмолаға Астана аты берілді. Қазақстанның жаңа астанасын абаттандыру ісі аса қарқын алды. Елбасының Астана идеясының жүзеге асу барысына орай сол кездегі Елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков былай деп еске алады: «Бір күні Елбасыны ұзақ сапардан күтіп алдық. Тура әуежайда Премьер-министр екеуімізді машинасына отырғызып алды. Елорда атауын өзгерту туралы ойдың піскен кезі. Кездесулерде де бұл туралы айтып жүрген. Біраз үнсіз отырып... «Мүмкін, Астана деп атармыз? Қанатты сөз сияқты. Болашаққа деген талпынысымыздың символы болар еді» деді. Әдеттегідей, Президенттің сөзінен кейін біз біраз үнсіз қалдық. Нұрсұлтан Әбішұлы «Бүгін резиденцияға келіңдер. Сонда сөйлесеміз» деді. Кешке әңгіме жалғасты. Астана үшін Президент бірнеше мысалдар келтірді. Бірақ заң бойынша, қалалық мәслихат депутаттарының қолдауы керек болатын. Қолдау көрсетілді де. 1998 жылғы 6 мамырда қалалық мәслихаттың сессиясында депутаттар қала атауын Астанаға ауыстыру туралы біржақты шешім қабылдады». Бұдан кейінгі кездері де Астананың қала мәртебесіне сәйкес жаңғырту жұмыстары жалғасын тапты. Елорданың төрінен қазақтың үш ұлы тұлғасы Төле, Қазыбек және Әйтеке билерге ескерткіш тұрғызылып, бабалар алдындағы үлкен бір парыз орындалды.

Осы жылы атқарылған басты шаралардың бірі - жыл соңына таман елдегі зейнетақы реформасына тың қадамдар басталды. Бұл ретте елімізде 1998 жылға дейін қолданыста болған ынтымақтық зейнетақы жүйесін сол күйінде сақтап қалу, экономикадағы және соған сәйкес республиканың әлеуметтік саласындағы дағдарыстық құбылыстардың шиеленісуіне әкелуі мүмкін еді. Бұл ретте ТМД елдерінің ішінде Қазақстан бірінші болып жоспарлы түрде зейнетақымен қамтамасыз етудің жинақ жүйесіне өтуді бастады. Зейнетақы реформасын іске асырудың негізгі мақсаты, зейнетақы жарнамаларының дербестендірілген есебі арқылы, еңбек үлесінің зейнетақыға сәйкес, сай келетін қаржылық жағынан тұрақты және әділетті жүйесін қалыптастыру болды.

null  

Сонымен қатар, 1998 оқу жылында 88 үміткерге ҚР Президентінің «Болашақ» стипендиясы тағайындалды. Ал сол жылдың мамыр айында еліміздегі шаруашылық субьектілерінің жалақы қарызы 55 млрд. теңгені құрады. Республикада 544 кәсіпорын жұмысын толық тоқтатып, 327 жартылай жұмыс кестесіне көшкен. 1998 жылы елімізге 2 млрд. долларға жуық шетел инвестициясы келсе, желтоқсан айында еліміз валюталық резервтерді қолдау үшін Халықаралық валюта қорынан 154,7 млн. доллар несие алды. Сонымен...

 

1998 жыл:

 

 - 21 қаңтар -  ҚР Президенті Н.Назарбаев Мәскеуде «Төртеудің шартына» (Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь және Ресей) қатысушы елдердің көшбасшыларының кезде­суіне қатысты. Кездесу барысында бірыңғай кеден кеңістігін құру туралы Қазақстан көшбасшысының бастамасы қолдау тапты;

- 30 қантар - 2 ақпан - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Дауоста (Швейцария) өткен Дүниежүзілік экономикалық форумның жұмысына қатысты. Елбасы форумда Каспий теңізінің көмірсутегі шикізатын игеру және тасымалдау мәселелері жөнінде баяндама жасады. Форум барысында Н.Назарбаев Швейцария конфедерациясының Президенті Флавио Коттимен, Бразилия Президенті Ф.Энрике Кардозумен және Болгария Президенті Петр Стояновпен кездесу өткізді. Бұл кездесулерде банк істерін, шағын және орта кәсіпкерлікті өркендету, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, минералды ресурстарды өндіру және ұқсату салаларындағы ынтымақтастықты дамыту үшін осы елдердің жекеменшік компанияларының қаржы ресурстарын тарту мәселелері талқыланды;

- 13 ақпан  -  ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Алматыда Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Испания Королі Хуан Карлос І-мен кездесті. Президент Н. Назарбаев Испания Королін Қазақстандағы реформалардың барысымен және еліміз дамуының болашағымен таныстырды. Мемлекет басшылары бірқатар халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасып, дүниежүзілік саясаттың көкейтесті проблемалары жөнінде көзқарастарының жақындығын көрсетті. Әңгіме кезінде екі жақ та елеулі мүмкіндіктері бар Қазақстан - Испания қатынастарына ерекше көңіл бөлді. Н.Назарбаев республикамыздың екі мемлекет арасындағы саяси және экономикалық ынтымақтастығын жандандыруға мүдделі екендігін атап өтті. Испанияның Премьер-министрі Х.М.Азнардың былтыр Қазақстанға келген сапарының маңызын жоғары бағалады;

 

- 12 наурыз - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Моңғолияның Президенті Н.Багабандимен кездесті.  Президент сарайының Салтанат залында екіжақты құжаттарға қол қою рәсімі болды. Н.Назарбаев пен Н.Багабанди Қазақстан мен Моңғолияның достық қатынастары мен ынтымақтастықты онан әрі дамыту туралы Бірлескен декларацияға қол қойды. Бұл құжатта тауар мен капиталдың тиімді қозғалысына, елдер арасындағы көлік пен коммуникация қатынастарын дамытуға, барлау, қазба байлықтарын табу және өңдеу, ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығындағы шағын және орта бизнесті дамыту саласындағы ынтымақтастыққа арналған пәрменді іс-шараларды жүргізуге келісті;

- 26 наурыз  - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Ташкентте өткен Орта Азия мемлекет басшылары саммитіне қатысты. Кездесу нәтижесінде Орта Азия экономикасына арналған арнайы бағдарлама туралы Ташкенттік декларация (СПЕКА) қабылданды;

- 9-10 сәуір - ҚР Президенті Ресейге жұмыс сапарымен барды. Ресей Президенті Б.Ельцинмен кездесу барысында Қазақстан-Ресей қарым-қатынастары және Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі мәселелерін талқылады;

- 15 сәуір - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Бельгия Премьер-министрі Жан-Люк Деанмен кездесті;

- 28-29 сәуір - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев «4+N» саммитіне және ТМД мемлекет басшылары Кеңесінің отырысына қатысты. Н.Ә.Назарбаевтың «Қарапайым адамдарға қарай қарапайым он қадам» бағдарламасы талқыланып, қабылданды. Сондай-ақ, жиын барысында Тәжікстан «Төрттік одаққа» қабылданды;

null  

- 6 мамыр - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының астанасы - Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы - Астана қаласы деп қайта атау туралы» Жарлыққа қол қойды. Н.Назарбаев Астана жайындағы өзінің  «Еуразия жүрегінде» атты кітабында былай деп еске алады:  «Бұған дейін де бұл қаланы қалай атау туралы сөз көп болды. Түрлі ұсыныстар айтылды. Қаланы елдің атымен Қазақстан деп атау жөнінде, басқа да, соның ішінде Нұрсұлтан деп атау керек деген де ұсыныстар болды. Бұл қала, Қазақстанның жаңа астанасы менің мақтанышым еді, сондықтан оның атауын сан құбылтуға жол бере алмайтын едім. Онда Ақмоланы қалай атаған, дәл айтқанда қалай деп қайта атаған жөн? Ол атау қазақстандықтардың, еліміздің барша ұлты мен ұлысының ғана емес, кірпияз шетелдіктердің де көңілінен шығуы керек. Мүмкін Қараөткел дерміз? Алматы өзімен бір аттас Алматы шатқалының атымен аталған ғой. Әлде Есіл ме? Сарыарқа ма? Бірақ көкейге қонар емес. Өзіміздің дәстүрлі, қалаулы, бірақ тым ескі атауларымыз бүгінгі астананы көшірумен және Қазақстанда жүріп жатқан басқа да зор өзгерістермен байланысты жалпы көңіл ауанына жауап бере алмай тұрғандығынан болар. Шынын айтқанда, астананың атын ауыстыру ұдайы ойымнан шықпай, ат іздеумен болдым. Сөйтіп жүргенде бір жолы...Бір жолы түнде, дәлірек айтсам, сағат түнгі екіде Астана деген атау ойыма сап етіп, көкейіме қона кеткені. Астана дегеніміз астана! Қазақша әдемі естіледі. Қомақты, ауыз толады, қысқа да нұсқа, әуезді. Орысша да, ағылшынша да солай естіледі. Бұл атауда батылдық, мығымдық және айқындық реңк бар. Астана! Сөйтіп, түн ортасында келген ой Қазақстан астанасының жаңа атауы Астана көкейге біржолата ұялады. Астана осы сөздің тура мағынасында нағыз астанаға айналды. Жаңа тәуелсіз мемлекет Қазақстан Республикасының астанасына. Айтпақшы, сол күні «Қазақстан Республикасының астанасы Астана қаласында Сарыарқа және Алматы аудандарын құру туралы» Жарлық қабылданды. Сөйтіп, Астана қаласының картасында екі аудан пайда болды. Олар астананы екі бөліп тұрған жоқ, қайта біртұтас біріктіріп тұр...»;

- 3 шілде  - Астанада Шанхай және Мәскеу келісіміне қатысушы бес мемлекет басшыларының кездесуі өтті. Кездесу барысында Шекара аймағындағы әскери саладағы сенімділікті нығайту туралы Шанхай және Шекара аймағындағы қарулы күштерді азайту туралы Мәскеу келісімдерінің орындалу барысын талқылады;

- 4 шілде -  Астанада ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Цзянь Цзэминь Қазақстан-Қытай шекарасы туралы қосымша келісімшартқа қол қойды;

- 6 шілде - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Ресейге жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында Н.Ә.Назарбаев Ресей Президенті Б.Ельцинмен және Премьер-министр С.Кириенкомен кездесті;

- 22 қыркүйек - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Италияға ресми сапармен барды. Сапар барысында Италия Президенті О.Л.Скальфаромен және Министрлер Кеңесінің Төрағасы Р.Продимен кездесті. Н.Назарбаевтың 1998 жылғы қыркүйекте Италияға ресми сапары екі жақты қатынастарды одан әрі тереңдетуге ықпал етті. Ол Италия Президенті О.Л.Скальфаромен, Министрлер Кеңесінің Төрағасы Р.Продимен, Ватиканның және римдіккатоликтік шіркеудің басшысы Папа ІІ Иоан Павелмен келіссөздер жүргізді. Қасиетті Тақ пен Қазақстан Республикасы арасындағы өзара түсіністік туралы келісімді айрықша бөліп айту керек. Қазақстан осындай құжатқа қол қойған ТМД-дағы тұңғыш мемлекет болды. Келісімге қол қойылғаннан кейін таратылған Ватиканның ресми мәлімдемесінде аталған келісімді жасасу «тарихи оқиға» деп аталды.

 - 28 қыркүйек - ҚР Сыртқы істер министрі Қ.Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 53-ші сессиясында сөз сөйледі. Қ.Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы К.Аннанмен, АҚШ Президентінің Каспий теңізінің энергоресурстарын игеру жөніндегі кеңесшісі Р.Морнингстармен, Әзірбайжанның Сыртқы істер министрі Т.Зулфугаровпен, Вьетнамның - Нгуен Манх Каммен, Иранның - К.Харразимен, Кипрдің - И.Касулидеспен, Кувейттің - С.Ас-Сабахпен, Сингапурдың - С.Жаякумармен, Филиппиннің - Л.Сиазанмен, Ауғанстанның Сыртқы істер вице-министрі - А.Абдулламен, Үндістанның Мемлекеттік министрі - В.Раджемен кездесті.

-  29 қазан - Анкарада Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев, Әзербайжан - Г.Алиев, Грузия - Э.Шеварнадзе, Өзбекстан - И.Кәрімов, Түркия - С.Демирель Каспийлік және Орта-Азиялық мұнайды әлемдік нарыққа «Восток-Запад» дәлізі арқылы тасымалдау туралы декларацияға қол қойды;

- 30-31 қазан - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Өзбекстанға ресми сапармен барды. Сапар барысында Өзбекстан Президентімен кездесіп, бірқатар құжаттарға қол қойды;

- 2 желтоқсан  - Ослода өткен ЕҚЫҰ қатысушы-мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің кеңесі барысында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ЕҚЫҰ арасында Алматыда ЕҚЫҰ Орталығын ашу туралы меморандумға және Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ЕҚЫҰ-ның Демократия және адам құқығы жөніндегі бюросы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды;

- 22 желтоқсан - ҚР Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға қол қойды.

Соңғы жаңалықтар