Тәуелсіздік шежіресі: 1991 жыл - Азаттық таңы атқан жыл

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кез-келген ұлттың бақыты - Тәуелсіздік. Ғасырлар бойы тарихтың қасаң қасіретін, зобалаңын тартып, «мың өліп, мың тірілген», азалы ашаршылықтан, түрлі қырғыннан аман өтіп, ақыр соңында тәуелсіздікке де қол жеткізген Қазақ елі үшін ең ұлы құндылық - Тәуелсіздік. Өйткені осы тәуелсіздіктің арқасында қазақ халқы ұлт ретінде сақталып қана қалған жоқ, діні мен ділін, салт-дәстүрін, ұлттық мәдениетін жаңғыртты.

Биылғы жылы ел Тәуелсіздігінің мерейлі мерекелі кезеңі - 25 жылдығы. Алаштың айбынын асырып, ата-баба армандаған күнге жетіп, жасампаздықтың даңғыл жолына түскенімізге 25 жыл толып отыр. Бұл тарих ауқымымен алып қарағанда аз ғана мерзім. Алайда алаш мұраты жүзеге асқан осынау ерекше күннен бергі кезеңде мемлекеттілікті қалыптастырудың үлкен үлгісі артта қалып, жаңа Қазақстан тарихының айқын беттері ашылды.  Осыдан 25 жыл бұрын Қазақстан халқының тәуелсіздігі арқасында әлем картасында жаңа тәуелсіз мемлекет - Қазақстан Республикасы пайда болды. Содан бастап тамыры тереңге тартқан баба тарихына бай, ғасырлар қойнауынан сыр шертетін мәдени мұрасы мол, жаңашылдыққа ұмтылатын экономикалық және рухани әлеуеті зор Қазақ елі әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесі болып, өркениеттік дамуға өз үлесін қосып келеді. Ал Қазақстанның бүгінгі  жетістігі - тұтастай қазақ халқының жетістігі. 

1991 жылғы 16 желтоқсанында Президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңынан бастау алған тәуелсіздігіміздің әрбір жылында атқарылған жалынды істер, кешегі жүрген тарихымызға тағы бір үңіліп шығу -  Тәуелсіздікке тәу етумен бірдей. Осыны ескере келе, «ҚазАқпарат» агенттігі «Тәуелсіздік шежіресі» атты сериямен 25 жыл бойы ел болып жұмыла атқарған басты шараларға, алаш ұлы біріге бағындырған асуларға шолу жасап шығуды жөн санап отыр. Бүгінгі һәм келешек ұрпақ үшін Тәуелсіздіктің  25 жылғы кезеңі - ел тарихындағы ерекше кезең.

 Жалпы тоқтала кететін жайт, Қазақ еліне тәуелсіздік «оңай, ешбір қантөгізсіз, жеңіл келді» дегенге саятын пікірлерді бүгінде қоғам арасынан аракідік естіп жататынмыз да шындық. Әсте бұндай пікірге келіспек емеспіз. Бұл арғысын айтпағанда күні кеше ХХ ғасыр басындағы алаш арыстарының қанымен, жылдар бойы бодандықтан арылуды аңсаған аға ұрпақтың жанымен, одан қалса 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында алаңға шыққан жастардың ерік-жігері, көз жасымен келген - Тәуелсіздік. Тіпті басқасын былай қойып, үлкен оқиғаларға толы болған 1991 жылдың қиыншылықтарын қалай ұмытпақпыз? Сондықтан да, Тәуелсіздік шежіресін бастамас бұрын 1991 жылғы Кеңес одағындағы орын алған оқиғаларға біршама тоқтап өтсек.

1991 жылдың тамызындағы төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеттің «әйгілі» әрекетінен кейін мемлекеттік думада Борис Ельцин Ресей аумағында Коммунистік партияның қызметіне тыйым салу туралы Жарлығына қол қояды. Сөйтіп құр қағаз жүзінде ғана тіршілігі қалған кешегі  мызғымас КСРО ыдыраудың соңғы шыңында тұрды. Ал бұндай жағдайда ең алдымен қарапайым халық қиындыққа ұшыраған еді.  Бір кездегі ұлы державаның халқы - жаппай жұмыссыз қалды, өңірлерде  зейнетақы мен жалақы төленбейтін бола бастады. Ұлтаралық қақтығыстар да әр жерде бой көтеріп жатты. Бұндай тұрақсыз, алдын болжамсыз тұман басқан қиын-қыстаудан шығудың бір жолы ретінде көптеген одақтас республикаларда 1991 жылдың күзінде президентік институттың, президенттік биліктің рөлі арта бастаған болатын.

 Дәл осы кезеңдерде Қазақстандағы негізгі өзгерістер де бұрынғы кеңестік партиялық жүйенің орнына Қазақстанның егемендігін қамтамасыз ететін жаңа жүйені құруға бағытталған еді. Сондықтан да, қалыптасқан ахуалды сауатты саралаған ел басшылығындағы Н.Ә. Назарбаев тұңғыш рет бүкілхалықтық Президент сайлауын жүзеге асыруға мұрындық болды. Жалпы бұл идея 1991 жылғы 16 қазанда «Қазақ КСР Президентінің сайлауы туралы» Заңның қабылдануымен бірге жүзеге асқан болатын.  Сол жылы қабылданған Заңға сәйкес, 1991 жылғы 1 желтоқсанда тұңғыш рет жүзеге асқан бүкілхалықтық республика басшысының сайлауы болып өтті. Сайлаушылардың 88,23 пайызы қатысқан бүкілхалықтық шарада Елбасы Н.Ә. Назарбаевты жақтап жұртшылықтың 98,78 пайызы дауыс берді. Осылайша, Қазақстан халқы сайлау арқылы Нұрсұлтан Назарбаевқа өз тағдырын сеніп тапсырғандай еді. Оның үстіне бұндай қадамның өзі шайқалып тұрған КСРО-ның тағдырына, Қазақ елінің Тәуелсіздігі туралы мәселелерде келіссөздер жүргізуге, сондай-ақ түрлі жағдайлардың алдын алу үшін мемлекеттік құрылым бойынша жедел әрі радикалды реформаларды жүзеге асыруға Президенттің өкілеттігін нығайтқан болатын. Ал 8 желтоқсан 1991 жылы Беларусь, Ресей және Украина елдерінің басшылары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) құру туралы келісімге қол қойды, бұның өзі КСРО-ның нақты құлағанын білдірген еді. 10 желтоқсан 1991 жылы Жоғарғы Кеңес «Қазақ ССР-ін Қазақстан Республикасы деп атау туралы» шешім қабылдады. Ал 16 желтоқсан 1991 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі жария етілді.

1991 жыл.

- 1991 жылы тамыз айындағы Мәскеуде өткен дүмпуден кейін, Коммунистік партия таратылып, қоғамдық мүлік билікке берілді;

- 1991 жылы 24 тамызда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Ағымдағы жағдайды бағалау және Республика егемендігін нығайту шаралары туралы» Қаулы  қабылдады;

null

- 1991 жылдың 29 тамызында  Қазақ КСР Президентінің «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлығы шықты. Қазақ жерінде  40 жылдан астам уақыт бойы сынақ жүргізілген ядролық қаруға нүкте қойылды. Елбасының осы тарихи шешімі, батыл қадамы бүгінде дүние жүзіне  мәлім тарихи фактіге айналды. Ал былтыр Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Қазақстан Президентінің ұсынысын мақұлдап, 29 тамызды Халықаралық ядролық қару-жараққа қарсы күрес күні деп жариялады.

- 1991 жылдың тамыз-қазан айларында Президенттің Жарлығымен  мынадай қайта құрулар болды:  прокуратура, мемлекеттік қауіпсіздік, ішкі істер, әділет және сот органдары бөлінді. Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды.  Одаққа бағынышты кәсіпорындардың Қазақ КСР үкіметінің қарамағына түбегейлі өтіп, республикада алтын  қоры мен Алмас қоры, т.б. құрылды;

null 

- 1991 жыл 2 қазан - Әубәкіров Тоқтар Оңғарбайұлы - қазақтың тұңғыш ғарышкері  осы күні  Байқоңырдан «Союз ТМ-13»  кемесімен ғарышқа ұшты;

 

- 1991 жылы 16 қазанда  - «Қазақ КСР-інің  Президентін сайлау туралы» Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Заңы қабылданды;

null 

 - 1991 жылы 1 желтоқсанда  - Қазақ КСР-інің  Президентін сайлауы өтті.  Сайлау нәтижесі  бойынша  дауыс беруге  қатысқандардың 98,78  пайыз дауысына ие болған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Республика Президенті болып сайланды;

- 1991 жылы 10 желтоқсанда  Қазақ  КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының  атауын өзгерту туралы» Заңын қабылданды. Осы  заңға  сәйкес  жаңа құрылған тәуелсіз мемлекет Қазақстан Республикасы деп аталды;

- 1991 жылы 12 желтоқсан күні  - «Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-індегі оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы қабылданды;

 

- 1991 жылы 16 желтоқсан күні - «Қазақстан Республикасының мемлекеттік  тәуелсіздігі туралы» Қазақстан  Республикасының Заңы қабылданды.  Осы күні 1991 жылы желтоқсанның 16-сында Қазақстан Республикасының  мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланды. Осыдан 45 минут өткен соң Түркия Республикасы бірінші болып Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін таныды. Осылайша әлем картасында Тәуелсіз Қазақстан атты жаңа мемлекет пайда болды. Оның тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. Сөйтіп Қа­зақстан Коммунистік партиясы Орта­лық Комитетінің ХV пленумы қабылдаған шешім қазақ қоғамына түбегейлі өзгерістер енгізді;

 

- 1991 жылғы 17 желтоқсан Қазақстан Республикасының Демократиялық жаңғыру күні болып жарияланды;

 

 - 1991 жылы  20 желтоқсанда  «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Қаулысы  қабылданды;

- 1991 жылы «Қазақстан Республикасының Кеден комиссиясын қалыптастыру туралы», «Қазақстан Республикасындағы 1992 жылғы шаруашылық байланыстарды ұйымдастыру туралы», «Қазақстан Республикасындағы халықты әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары туралы» бірқатар ҚР Президентінің Жарлықтары шықты.

- 1991 жылы 21 желтоқсанда Алматы қаласында бұрынғы КСРО құрамына енген он бір мемлекет басшылары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) құру туралы Алматы Декларациясына қол қойды.  Сөйтіп, ТМД-ға мемлекеттік тәуелсіздік, тең құқылық және егемендік қағидаттарымен кіру туралы шешім қабылданды;

- 1991 жылғы желтоқсанда Алматыға қысқа мерзімді жұмыс сапарымен АҚШ мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер келіп кетті;

 - 1991 жылдың соңында Ресей Федерациясы Қазақстан Республикасының мемлекеттік  егемендігін таныды.

Соңғы жаңалықтар