Тәуелсіздік құрдасы болу біз үшін үлкен бақыт - Еркебұлан Беляков

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік құрдасы болу біз үшін үлкен бақыт. Бұл туралы Ақжайық аудандық ауруханасында дәрігер-эпидемиолог қызметін атқаратын Еркебұлан Беляков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

null
Еліміз тәуелсіздік алатын жылы 1 қыркүйекте өмір есігін ашқан Еркебұлан осы Ақжайық ауданына қарасты Қабыршақты ауылындағы Бітік орта мектебінде білім алды. Әкесі Болат Беляков механизатор болса, анасы Роза аспаздық қызмет атқарған ауылдың қарапайым тұрғындары-тұғын. Осындай отбасында тәрбиеленген Еркебұлан дәрігер болуды армандап, Ақтөбе қаласына жол тартты. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетін тәмамдағаннан кейін 2014 жылы көп ойланбастан туған жеріне оралды. Мемлекет қолдауын сезініп, «Дипломмен - ауылға» бағдарламасының шапағатын көрді. Ең бастысы, сыңғырлаған үй алып, ата-анасын көшіріп алды. Оның үстіне биылғы жыл бұл әулетке айрықша қуаныш сыйлады. Шілде айында қара шаңыраққа келін түсірген Еркебұланның жары Құралай Байкиева да - жоғары білімді маман, қазір өзімен бірге дәрігер-статист міндетін атқаруда.

Еркебұланның тағы бір қыры - кәдімгідей спортшы екендігі. Қазақ күресінен Ақтөбе облысының бірнеше дүркін чемпионы атанып, 2013 жылы республика біріншілігінде қола жүлдеге қол жеткізді. Сол жылы Орынбор қаласында өткен халықаралық турнирде де үшінші орынды иеленді. Қазақ күресі мен белбеу күресінен спорт шеберлігіне үміткер атанды. Еркін күреспен де айналысып көрді. Дәрігерлік жолға түспегенде, кім білген, кәсіби спортшы болар ма еді.

«Бәрі - тәуелсіздіктің арқасы. Егемен елде біз де емін-еркін өмір сүріп, арман-асуларымызға қол жеткізіп келеміз. Осыдан артық қандай бақыт керек! Тәуелсіздік құрдастары ретінде аудан әкімі Әділ Жоламанов та құрметтеп, бізге алғысхаттарын табыс етті. Жұмыста қызметтес аға-апаларымыздан үйренудеміз. Біздің ендігі міндетіміз - халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп, еліміздің одан әрі өркендеуіне өз үлесімізді қосу», деді ҚазАқпарат тілшісіне Еркебұлан Беляков.

null  

Соңғы жаңалықтар