Тәуелсіздік күніне арналған отшашу Астананың үш ауданында болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ҚР Тәуелсіздігі күніне арналған іс-шаралар 11-17 желтоқсан аралығында өтеді. Мерекелік отшашуды Астананың үш ауданында тамашалауға болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің медиа орталығына сілтеме жасап.

Астана қаласының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасынан мәлім еткендей,  14 және 17 желтоқсан күндері «Астана» концерт залында Симфониялық оркестрі мен «Сарыарқа» халық аспаптары ансамблінің концерттері өтеді. Ал 16 желтоқсан күні сағат 19:30-да «Ән мен әнші» («Астана» концерт залы) мерекелік концерті көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын болады.

Астана театрларының да өз көрермендеріне әзірлеген тартуы бар. Мәселен, «Жастар» театрында 14 желтоқсанда қырғыз жазушысы Жаныш Құлмамбетовтың драмасының желісі бойынша «Жасауыл» қойылымының тұсаукесері өтеді. Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында 16 желтоқсан күні «Абылайханның арманы» атты тарихи драма көрерменнің назарына ұсынылады, осы күні М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында екі спектакль көрсетіледі - «Братец Лис и братец Кролик» ертегісі мен ересектерге арналған «Мастер и Маргарита» эклетикасы. Мұнымен қоса, мереке күндері балалар Қуыршақ театрында «Атамекен» ертегісін тамашалайды. 

Бұдан бөлек, ашық алаңдарда қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен үлкен концерттер өтеді. 16 желтоқсанда Әлішер Кәрімов, Әли Оқапов, ағайынды Жүгінісовтер, Маржан Арапбаева, Асқар Жүнісбек, «АртДомбыра» триосы өнер көрсетеді. Мерекелік шаралар Қалалық алаңда және «Бәйтерек» монументінің жанындағы алаңда өтеді. Басталуы - сағат 18:00-де.

Сонымен қатар, елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына мерекелік отшашу ұсынылады. Отшашу 16 желтоқсан күні сағат 22:00-де Есіл өзенінің жағалауында, «Хан Шатыр» СОСО жанында және Абылайхан даңғылы мен Пушкин көшелерінің қиылысындағы гүлбақта ұйымдатырылады.

Соңғы жаңалықтар