«Тәуелсіздік дәуірі» кітабында жаңа шежіреміздің болмысы түгел қамтылған - Дархан Қыдырәлі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабында мемлекетіміздің даму барысы туралы нақты деректер жинақталған. Бұл туралы аталған кітаптың тұсаукесерінде «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл кітап азаттықтың ақ таңындағы жас мемлекеттің алғашқы демін, әрбір қадамын, еңсесін тіктеп, құлашын қалай жазғанын нақты дәйектермен жинақтағандықтан, оны Тәуелсіздік тарихының атласы, жаңа шежіреміздің бояу-болмысы түгел қамтылған тұтас картинасы деуге болады. Біз әдетте тарихты зерделегенде кезеңдерді жылдармен, дәуірлерді ғасырлармен өлшейміз. Кейде бұл атаулар уақыттың ұзақтығымен емес, маңызды оқиғаларымен де өлшенеді. Бұл тұрғыдан алғанда, жүз жылға бергісіз ширек ғасыр Тәуелсіздік дәуірінің бастауы болды. Бұл кезең осы кітапта «Ұлы дәуір» деп аталады. Осы дәуірде жаңа тұрпатты мемлекеттің, жаңа қоғамның барлық саласы өз тарихының алғашқы парағын ашып, жетістіктерге толы жылнамасы жазыла бастады. Қазақстанның құрылуы мен қалыптасуы хронологиялық және жүйелі түрде қамтылған бұл іргелі еңбекте Тәуелсіздік жылдарын жаңғырудың үш толқынына балаған Нұрсұлтан Әбішұлы ел тарихын кезең-кезеңге бөліп, әрбір саланы жеке дара қарастырады. Біз кітаптан оқиғалардың қалай өрбігенін, шиеленісті жайттардың қалай шешілгенін ғана емес, олардың түпкі себебі мен қисынын да табамыз», - деп атап өтті Дархан Қыдырәлі.

Сонымен қатар ол елімізде ең көп талқыланатын мәселенің бірі қазақ тілі екенін, мемлекеттің тілдің мәселесі Тәуелсіздіктің елең-алаңынан бері Елбасының назарынан тыс қалмағанын атап өтті.

«Бұл туралы автор «қазақ тілі қазақ ұлтының мәдени тұтастығының басты қайнар көзі, ғасырлар бойы солай болған, болашақта да солай бола береді» дей отырып, тіл саясатының тетіктері туралы жазады. Мемлекет басшысының ұлт болмысының ажырамас ажары, рухани діңгегі, өміршең өзегі саналатын мәдениет пен өнерге де айрықша ықыласпен қамқорлық жасап келе жатқаны белгілі. Осы қастерлі қағидатты кітаптың «мыңжылдық қазақ мәдениеті жас елдің тәуелсіздігінің сенімді тірегіне айналды» деген сөзінен табамыз», -дейді Д. Қыдырәлі кітап жайында айта келе.

«Одан әрі Мемлекет басшысы: «Мемлекеттің мәдениетке және тарихи-мәдени мұраға деген ұстанымы өткенге сүйенбей, болашаққа қадам жасау мүмкін емес дегенге саясады. Тарихи сабақтастық пен өткен шақпен байланыс қана Тәуелсіз Қазақстанның ілгері дамуына іргетас бола алады» деп жазады. Осы арқылы 90-шы жылдардағы Наурыз мейрамының дүниеге келуінен бастап, ауқымды «Мәдени мұра» және бүгінгі «Рахани жаңғыру» бағдарламаларының заңды сабақтастығын табамыз», - деді ол.

Сонымен қатар кітапта мыңдаған оқиғалар айтылып, көптеген тұлғалардың есімдері аталған. Бұл бізге Тәуелсіздік дәуірінде әрбір детальдың маңызды екінін білдірумен қатар, автордың замандастарына деген ерекше құрметін де сездіреді.

«Ең бастысы, автор атап көрсеткендей, бұл кітап Тәуелсіз Қазақстанның даңқты тарихын білуге және түсінуге, елімізді мақтан етер жасампаздар қатарының көбеюіне септеседі деп сенеміз. Сондықтан дәйекті деректермен өрілген «Тәуелсіздік дәуірі» қазақ елінің тарихына үңілетін зерттеушілер мен өткенімізді зерделейтін әрбір оқырманның ұдайы жүгінетін кітабы болады деп ойлаймыз. Себебі бұл - жасампаз жылдардың жиынтық жылнамасы, Мәңгілік Елдің темірқазығына айналған тұтас дәуірдің шежіресі», - деп түйіндеді сөзін Дархан Қыдырәлі.

Соңғы жаңалықтар