Тәуелсіз сарапшылар ЭКСПО-ның декоративті конструкциясының құлауына не себеп болғанын анықтады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының қоғаммен байланыс департаменті директорының орынбасары Ақсұлу Санғалидің айтуынша, аталған оқиға бойынша арнайы комиссия құрылып, тәуелсіз сараптама жасалды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кеше біз сарапшылардың зерттеу нәтижелерін алдық. Олар құрылыс барысында пайдаланылған материалдарды тексеріп, декоративті конструкцияның құрылысы мен жобалық жұмыстарын зерделеп шықты. Сараптама нәтижесінде комиссия конструкцияның құлауына жобалық кемшіліктер себеп болды деген шешімге келді. Көрме кешенін тапсырыс беруші әлі қабылдаған жоқ. Сондықтан барлық шығындарды мердігер компания - BI Group өтейді», - деді А.Санғали.

Жобалау кезінде құрылыс материалдары, яғни металл конструкциялары дұрыс таңдалмады. Соның салдарынан көрме алаңындағы ең ұзын декоративті элемент опырылып түсті. Бүгінде осы іспетті басқа да конструкцияларды күшейту жұмыстары жүргізіліп, әрбір декоративті элементтің ортасына қосымша тіреуіштерді орнатуға шешім қабылданды.

Айта кетейік, қарашаның 16-сы күні Астанада салынып жатқан ЭКСПО-2017 көрмесінің үлкен ғимараты қақ ортасынан опырылып түсті.


«Астана ЭКСПО - 2017» ұлттық компаниясы бірден апатқа BI Group-тың жауап беретінін мәлімдеді.

Бірнеше күннен кейін компания басшысы Айдын Рахымбаев ЭКСПО аумағындағы декоративті элемент қатты аяз бен қытайлық металдың салдарынан құлады деп болжам жасады.

Соңғы жаңалықтар