«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Қарағандыға келді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандының теміржол вокзалында «Тәуелсіз Қазақстан» пойызын салтанатты жағдайда қарсы алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Пойыздың келу құрметіне арналған салтанатты жиынға Қарағанды тұрғындары, соның ішінде облыстық Қазақстан халқы Ассамлеясының өкілдері қатысты.

Пойыз делегаттарына арнап шашу шашылды.  Осында концерт қойылды.

 «Біз сіздерді өз жерімізде қарсы алғанымызға қуаныштымыз.  Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы - бұл барша қазақстандық үшін ұлы мереке.

Мерейтойлық жыл аса ауқымды жоспарлардың басталуымен, жүріп өткен табыстар мен жеңістерге толы жолымыздың алға аршынды қадам басуымен маңызды», - деп атап өтті өз құттықтауында Қарағанды әкімі Нұрлан Әубәкіров.

 «Пойызымыз алғашқы аялдамасын Қарағандыда жасағаны қуантарлық. Қарағанды облысы индустрия орталығы ғана емес, ұлтаралық қарым-қатынастардың үлгісі, халықтар достығының көрсеткіші. Қарағанды - бұл Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еңбек жолын бастаған жер екендігін ұмытпауымыз тиіс», - деді Қарағанды жұрты алдында сөйлеген сөзінде пойыз штабының жетекшісі Әміржан Әлпейісов.

Біздің делегацияның құрамында 271 адам, олардың 70-тен астамы -медицина қызметкерлері, халыққа кеңестерін беретін болатын жоғары білікті мамандар. Бұл ең алдымен, ауылдықтар үшін маңызды», - деді ол.

Пойыз Қарағандыда екі тәулік болады. Бағдарламада - жеке қабылдаулар, білім беру, медицина, әлеуметтік қамтамасыз ету салаларындағы мәселелер бойынша кеңестер беру. Сондай-ақ Достық үйінде кездесу өтіп, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясына арналған әңгімелер, дәрістер өткізіледі.  Қарағандыдан пойыз Ақтоғай ауданына бет алады.

Бұған дейін хабарланғандай, пойыз 1 қараша күні Астана қаласынан шықты. Олар жолда барлығы 43 күн болып, 35 қала мен елді мекендерге ат басын тірейді. Пойыз 14 желтоқсан күні Алматыға жетіп, онда ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған ауқымды концерт өтетіндігі жоспарланған. 

Соңғы жаңалықтар