Тауар белгісі құқығын бұзған 157 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен жылы тауар белгісі құқығын бұзған 157 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы бүгін ҚР Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік департаменті директорының орынбасары Бекет Әлиғожин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өткен жылы тауар белгілеріне арналған құқықты қорғау желісі бойынша 200-ден астам тексеру жүргіздік. Өздеріңізде білетіндей, бүгінгі заңнамаға сәйкес әділет органдарының мұндай тексерулерді жүргізуге және тауар белгісіне арналған құқық бұзылғаны үшін ғана әкімшілік жауапкершілікке тартуға құқы бар. Ал авторлық және өнертабыс құқықтарына қатысты мәселелер өзге мемлекеттік органдарға тиесілі», - деді ол Әділет министрлігінде өтіп жатқан дөңгелек үстел аясында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Оның дерегінше, өткен жылы тауар белгілеріне арналған құқықтың бұзылуына қатысты 208 тексеру жүргізіліп, әкімшілік құқықбұзушылық туралы 168 хаттама толтырылған.

«Қазірдің өзінде 157 адам жауапкершілікке тартылды, қалғандары сотта қаралуда. 16 миллион теңгеден астам айыппұл салынып, 16 миллионнан астам контрафактілік өнім тәркіленді. Құқық иеленуші бұл жайында біледі, біз олармен жұмыс істеудеміз. Себебі шығынды тек қана құқық иеленуші ғана анықтай алады», - деді департамент директорының орынбасары.

Бекет Әлғожинның айтуына қарағанда, негізінен өнеркәсіптік өндіріс тауарларын, киім-кешек пен азық-түлік өнімдерін шығару құқықтары жиі бұзылады.

«Қытай контрафактілік өнімдердің негізгі жеткізуші саналады. Сондықтан жергілікті жерлерде ғана емес шекарада да шаралар қабылданады. Атап айтқанда, кеден органдары тауарлардың ішкі нарыққа енуіне тосқауыл қойып отырады. Содан кейін Кеден кодексіне сәйкес тауар белгісінің иесіне ескертеді. Себебі құқық иеленуші сотта азаматтық іс қозғай алады немесе құқық қорғау органдарына жүгінеді», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар