Татарстанның тұңғыш Президенті «Ұлы дала» форумына құттықтау жолдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Татарстанның тұңғыш Президенті Минтемир Шаймиев «Ұлы дала» түркі халықтарының форумына татар тілінде құттықтау жолдады.

«Ұлы дала» ІІ гуманитарлық ғылымдар форумының ұйымдастырушылары мен қатысушыларын шын жүректен құттықтаймын! Астанада жоғары деңгейде ұйымдастырылған форум Еуразиялық мемлекеттердің ғылыми, ағартушылық, мәдени өмірінің үлкен оқиғасы екені даусыз. Бұл өз кезегінде өзара сыйластық үшін, білім, рухани және материалдық құндылықтармен алмасуда аса маңызды. Халықаралық форум жұмысы Еуразия үшін ортақ болып табылатын мәдени құндылықтарды насихаттауда өз үлесін қосады деген сенімдемін. Форум қатысушыларына жемісті жұмыс пен шығармашылық жетістіктер тілеймін», - делінген М. Шаймиевтің құттықтауында.

Айта кетейік, бүгін, 26 мамырда Астанада Халықаралық Түркі академиясы (TWESCO) ұйымдастырған «Ұлы дала» ІІ гуманитарлық ғылымдар форумы өткен болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына арналған форумның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен БҰҰ, ЮНЕСКО, ИСЕСКО, ECO Science Foundation, Түркі кеңесі, ТҮРКСОЙ, ТүркПА сынды халықаралық ұйым басшылары мен өкілдері қатысты. АҚШ, Венгрия, Германия, Қытай, Моңғолия, Оңтүстік Корея, Үндістан, Ресей мен түркі мемлекеттерінен келген 200-ге жуық ғалым-зерттеушілер мен сарапшылар 6 панельді отырыста мазмұнды баяндамалар жасап, Елбасы мақаласында көтерілген міндеттер мен тақырыптар төңірегінде пайымды пікірлерін ортаға салды.

Форум аясында «Рухани жаңғыру жолында», «Ғылым киесі: ғылыми интеграция және ортақ құндылықтар», «Тарихи жады және болашаққа көзқарас», «Түркі әдеби дәстүрі және қазіргі кезең», «Түркі тілдері: зерттеу, қорғау және дәріптеу», «Әлем өркениетіндегі Түркі мәдени мұрасы» атты алты секцияда ғылымды дамыту мәселелері, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі, киелі жерлер мен қастерлі мекендерге арналған «Туған жер» бағдарламасы сынды мәселелер талқыланып, сындарлы пікірлер айтылды.

Бұның алдында хабарлағанымыздай, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы дала» xалықаралық форумына сәттілік тіледі.

Соңғы жаңалықтар