Татарстан астанасы Қазан қаласының орталық көшелерінің біріне Елбасы Н.Назарбаевтың есімі берілді

None
None
ҚАЗАН. ҚазАқпарат - Бүгін Татарстан астанасы Қазан қаласының орталық көшелерінің біріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді.

Осы салтанатты шараға арналған жиын Қазан қаласындағы Достық үйінде өтіп, оған Татарстан президентінің міндетін атқарушы Рустам Минниханов, Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Марат Тәжин қатысты, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" тілшісі.

«Ең бірінші кезекте Татарстан басшылығына, осы бастаманы көтерген қоғамдық ұйымдарға, Қазан билігіне қаланың орталық көшелерінің біріне Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімін беру бағытындағы қайырымды шаралары үшін шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Қалалар адамдар сияқты ортақ ерекшелікке ие. Олар дүниеге келеді, өмір сүреді, гүлденеді, қартаяды. Бірақ, Қазан әр уақытта да көрікті қала болып қала береді. Мен осыдан біраз бұрын Қазан қаласының мың жылдығы аталып өтілгенін білемін. Ол барша Еуразия кеңістігін қамтыған маңызды мәдени, қоғамдық оқиғаға айналған болатын. Өйткені, Қазан - ерекше қала, әлемдік тарихы бар. Әлемдік мәдениетте ерекше орны бар тарихи қала», - деп атап өтті Қазақстан елшісі.

Осы ретте М.Тәжин Еуразия құрылығының көне әрі беделді қалаларының бірі Қазанның орталық көшелерінің біріне ҚР Президентінің есімін беру шын мәнінде ауқымды әрі маңызды оқиғалардың бірі екендігін баса атап өтті. Сонымен қатар ол таяуда Мәскеу қаласында «ЖАСАМПАЗ. Нұрсұлтан Назарбаев: Ресейден көзқарас» («СОЗИДАТЕЛЬ. Нурсултан Назарбаев: взгляд из России») атты жаңа кітаптың тұсаукесері болып өткендігін, онда Ресей Президенті В.Путиннен бастап елуден астам ресейлік мемлекет және қоғам, мәдениет, ғылым қайраткерлері Қазақстан Президенті жайында тұщымды пікір білдіргенін еске салды.

«Біздің салтанатты шарамыз Достық үйінде өтуінің нышандық мәні бар. Өйткені, Нұрсұлтан Әбішұлының ұлтаралық қарым-қатынасты дамыту, ұлтаралық келісімді сақтау бағытына қосқан зор үлесі БҰҰ, ЮНЕСКО тараптарынан өз бағасын алған болатын. Бүгін біздің халықтарымызды тарихы ортақтастық байланыстыратындығы айтылды. Шындығында да, біздің халықтарымыздың бірнеше ғасырға созылған қарым-қатынасында екі ірі ұлттың, этностың арасында бірде-бір айтарлықтай қарама-қайшылықтың туындамауы тарихи нақты дерек. Осынау бейбітшілік пен келісім дәстүрі Қазақстанда да, Татарстанда да сақталып отыр», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар